Бидай алқабы азайса да, экспорт кемімейді
Агротехниканы жаңартуға 450 млрд теңге бөлінеді
Отбасы банктен депозитке аударылған ақшаны жинау мерзімі 8 жылға ұзартылуы мүмкін
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,75%-ке дейін 50 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады. Инфляциялық күтулер үш ай қатарынан баяулап келеді. Ал айлық инфляция орташа жылдық мәннен жоғары деңгейде қалыптасып отыр. Бірқатар сауда-серіктес елде инфляция біршама қарқын алып, сыртқы инфляциялық қысым артты.
Ұлттық банктің мәліметінше, жылдық инфляция биыл қаңтарда 9,5%-ға дейін баяулады. Бұл Ұлттық банктің болжамына сәйкес келеді. Бағалардың жалпы өсіміндегі баяу үрдіс – жүргізіліп жатқан ақша-несие саясатына, жаһандық инфляциялық қысымның және өндіріс шығындарының төмендеуіне, логистикалық тауар жеткізу жолдарының біртіндеп қалпына келуіне, биліктің инфляцияға қарсы іс-шараларына, сонымен қатар, былтырғы жоғары база әсерінің ықпалына байланысты.
Елімізде несие мен депозит мөлшерлемесі өзгеруі мүмкін. Күні кеше ғана қаржыгерлер осындай болжам жасап еді. Енді бүгін Ұлттық банктің ақша-несие саясаты комитетінің кезекті отырысында бұл расталды. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеменің төмендеуі депозиттерге де әсер етуі мүмкін екенін айтты.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, алдағы 5 жылда қарақұмық сияқты әлеуметтік маңызы бар дақылдың егіс көлемін 50 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. 2028 жылға қарай майлы дақыл егілетін аумақты 3,7 миллион гектарға дейін ұлғайту қажет. Бұл ішкі нарық пен экспорт әлеуетін арттырады. Ал бидай мен күріш алқабы алдағы 5 жылда едәуір азаяды. 2028 жылға қарай бидай егістігі 855 мың гектарға қысқарады.
Былтыр Қазақстанның сыртқы тауар айналымы 139,8 млрд доллар болған. Бұл 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, номиналды мәнде 3,2% артық. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Елімізге ең көп импорттық тауар Қытай мен Ресейден келеді екен. Ал ең азы Түркия. Ал экспортқа тауар жөнелтуде Италия, Қытай, Ресей, Нидерланд, Түркия, Корея елдері көш басында тұр. Жалпы, алғанда экспорт 78,6 млрд доллар болса, импорт 61,1 млрд долларға жеткен.
Дубайда құрылған Қазақстанның іскерлік кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Мұнда Араб әмірліктерінде кәсіп жүргізгісі келетін азаматтарға салықтық жеңілдіктер мен рәсімдерді оңайлату бойынша қолдау, сүйемелдеу қарастырылған. Дубай палатасы құрамында сауда өнеркәсіптік палата, цифрлық экономика және халықаралық палаталар жұмыс істеп тұр. Соңғы халықаралық бағыт бойынша бұл жерде әлемнің әр түрлі елінен келіп қызмет істейтін 500 компания тіркелген.
Қазір елімізде бампер, сэндвич панель, пластик бөлшектер, орындық, диск, шина, аккумулятор сынды бөлшектердің өндірісіне қатысты жобалар жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар, инвесторлар Қазақстанда автокомпонент өндіруге 410 млрд теңгеден аса қаражат бөледі. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан табиғи ресурсқа бай. Ал бұл өнеркәсіптің дамуына әсер ететін негізгі фактор.
Қазақстанда несие алушылар қатары азайды. Қаңтардағы көрсеткіш осындай. Қазақстандықтар 1 трлн 200 млрд теңге қарыз алды. Бұл – былтырғы мамыр айынан бергі ең төменгі меже.
Мейрамбек ЕРБОЛАТҰЛЫ