«Ежелгі түркі күнтізбесі және оның Орталық Азия халықтары дүниетанымындағы көрінісі» атты форум өтті

0

«Қазыналар әлеміне саяхат». Алматыда Геологтар күніне орай көрме ұйымдастырылды

Кестеден картина жасаған ерлі-зайыпты қолөнер шеберлері бой көрсетті

Ерте заманда адамзат дүркін-дүркін қайталанып тұратын табиғи құбылыстарға негізделген күнтізбе бойынша уақыт есебін жүргізді. Ал ежелгі түркілер негізінен күн календарын пайдаланған. Алматыда «Ежелгі түркі күнтізбесі және оның Орталық Азия халықтары дүниетанымындағы көрінісі» атты форум өтті.

Адамзат тарихында күнтізбенің орны ерекше. Ол күн, ай, жыл, ғасыр, дәуірді тура есептейтін күрделі мәдени құбылыс. Күнтізбе адам, қоғам және табиғат арасындағы үйлесiмдi реттеп, сан түрлі тарихи оқиғаны тасқа басып, таңбалап тұратын нәрсе.
Қазіргі әлем ғалымдарының айтуы бойынша бұл күнтізбе адамзат өркениетінің мал шаруашылығы деңгейіне жеткен кезден басталады деп аталады. Егер мал шаруашылығының өркениет ретінде бүкіл әлемде алғашқы қалыптасуы Қазақстаннан басталады дейтін болсақ, мәселен Ботай мәдениеті осыдан 24 ғасыр бұрын біздің эрамызға дейінгі 24 ғасырдың өзінде жылқыны қолға үйреткендігі дәлелденіп отыр. Міне соған байланысты көне түркілік күнтізбенің тарихы тым тереңге кететінін көруе болады.
ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі комитетінің қолдауымен өткен жиынның маңызы зор. Көне түркі жазба ескерткіштерінің барлығы күнтізбенің орнын айшықтайды. Мысалы, Күлтегін жазуында Күлтегіннің туған және қайтыс болған жылы анық нақты жазылған. Міне, бұл дерек сол кездің өзінде жүйелі күнтізбенің болғанын айғақтайды.

Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музейде Геологтар күніне орай, алғаш рет музей қорындағы геология коллекциясы негізінде «Қазыналар әлеміне саяхат» көрмесі ашылды. Іс-шараның мақсаты – қойнауы қазынаға толы еліміздің табиғи ресурсын көрсету арқылы жастардың ұлттық геологияны зерттеп, дамытуға деген қызығушылығын арттыру.
Көрмеге 150-ден астам кварц, топаз, аметист, халцедон сияқты жартылай бағалы тастар мен малахит, флюорит, жадеит, азурит, циркон, нефрит сынды тау жынысының үлгілері қойылған. Олар елдегі түрлі кен орындарынан алынып, 1935 жылдан 2011 жылға дейін музей қорына жинақталған.
Қыраны ұшса қанаты талатын, құланы шапса тұяғы тозатын кең байтақ жерімен ғана емес, Қазақстан табиғи ресурсымен де танымал. Менделеев кестесіндегі 118 элементтің 99-ы қолқа-қолаты кенішке, жері тарихқа толы елімізде анықталған. Біздің ел мұнай, газ, титан, магний, қалайы, уран, алтын және өзге де түсті металдар қоры жөнінен әлемде алтыншы орында, вольфрам өндірісі мен қоры бойынша бірінші, хром және фосфор кені қоры бойынша екінші, қорғасын мен молибден бойынша төртінші, темір рудасының жалпы қоры бойынша сегізінші орында. Бүгінгі көрме қазақ жерінің қойнауынан табылған сол жауһарларды дәріптеу мақсатында ашылған.

Айта кетерлік жайт Алматыда біртуар суретші Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына арналған мерейтойлық көрме ашылды. Экспозицияға Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің топтамасынан 300-ден астам көркем және графикалық туынды қойылған. Суретшінің бай мұрасы еліміздің көркемсурет өнерінің алтын қоры санатында.
Көрмеден үзінді
Әбілхан Қастеевтің шығармашылығы — Қазақстанның көркем шежіресі. Бұған «Түрксіб», «Талас өлкесі», «Қапшағай даласы», «Ақсай карьері», «Медеу» картиналары дәлел. «Бүркітші» картинасында хас шебер әсірелеуден гөрі дәлдікке басымдық берген. Ал «Киіз үй» шығармасында қазақтың салт-дәстүрін, тұрмысын дәлме-дәл суреттеген.

Мейрамбек ЕРБОЛАТҰЛЫ