«Бес келіншек, бір кемпірдің тілін таба алмасаңдар!» – Балғынбек Имаш (ВИДЕО)
Белгілі айтыс ақыны Жандарбек Бұлғақов әріптесі Балғынбек Имашевтың тапқырлығы туралы «Түнгі студия» бағдарламасында айтып берді.
«Балғынбек Имашевпен бір басшылыққа кіруіміз керек болды. Әкімдіктің алдында 4-5 келіншекті бастап бір апамыз кіре алмай тұр екен. Олар бізді бірден таныды. Балғынбек ағамыз: «Апа, армияңызды бастап жай кеп тұрсыз ба? Әкім болмаса шешілмей ме?» деп сұрады.
– Менің үйімде пешім жарылды, — деді әлгі апа.
«Қанша теңгелік зат?», — деп сұрап еді, «75 мың теңге», — деп жауап берді апамыз.
Екінші кісі: – Мен көпбалалы анамын. Қоғамдық көлікте жол жүру билетімнің мерзімі өтіп кеткен екен, кондуктор менің бетіме лақтырды. Соны әкімге айтамын, — дейді. Жақсы деп, біз әкімдікке кірдік. Әкімнің екі орынбасары бар екен. Екеуі де шетелде білім алып келген кісілер екен.
– Сіздер енді мына кісілерді ашуландырмай, ертерек есік алдына шықпайсыздар ма? Тезірек шешпейсіздер ме, телеарна келеді, шулайды, — дедік.
– Мәә, біз далаға шықсақ, ол кісілер бізді жеп қояды ғой, — деп жауап берді. Сонда Балғынбек ағамыз:
– Сендер мемлекеттің ақшасына шетелден білім алып келіп бес келіншек, бір кемпірдің тілін таба алмасаңдар, ертең үш жүзді қалай басқарасыңдар?, — деп айтқаны бар деді ақын.