Тікелей эфирде жерге түкірген Мәжіліс депутаты 15 мың теңге айыппұл төлейтін болды

0
724
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қазақстандық телеарналардың бірінің тікелей эфирінде сөйлеп тұрып, жерге түкіргені үшін 15 315 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды.

«Полиция департаменті бейнежазбаны зерттеді. Жалпы пайдалану орындарын ластау фактісі бойынша осы азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 434-2-бабы 1-бөлігімен әкімшілік іс қозғалды. 5 АЕК (1 АЕК – 3063 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды», – делінген Павлодар облысының Полиция департаменті ұсынған мәліметте.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты телеарнаның тікелей эфиріне қосылып, Екібастұз қаласындағы апатқа қатысты жағдайды жеткізу кезінде жерге түкіріп жіберген.

Осы мәселеге қатысты Ерлан Саиров әлеуметтік желідегі парақшасында түсінік берген еді.

«Біріншіден, қауымнан, егер қолайсыз жағдайға қалдырсам, кешірім сұраймын. Екіншіден, кеше кешке Екібастұзда өте аяз болды, далада тұрғандықтан осындай жағдай болды. Далада төрт-бес сағат жүрдік, ТЭЦ-қа бардық, сол кезде тамағым құрғап кеткен болуы керек. Біз қоғам алдында әрбір қадамымыз үшін жауап беріп, азаматтарға жүріс- тұрысымызды түсіндіріп отыруымыз қажет деп есептеймін. Тағы да қолайсыздық үшін кешірім сұраймын! Мен ел алдында әрқашан ашық болуға тырысамын», – деп жазды депутат.