Берік Әбдіғалиұлы: Ұлытау облысын құру – дер кезінде қабылданған шешім

0

Мемлекет басшысының жұртшылық жылы қабылдаған шешімінің бірі – еліміздің бірнеше өңірінде жаңа облыстарды құруы болды. Соның ішінде Ұлытау да бар. «Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз» деген болатын Президент.
Бұл бастама ұлт ұясы атанған өңірге серпін бергенін көріп отырмыз. Өткен аптада аймақтың 2022-2026 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітілді. Бес жылға межеленген іс-шараларға 1,9 трлн теңге инвестиция бөлінеді. Осы орайда облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлымен өңірде қандай жобалар жүзеге асатыны жөнінде әңгімелестік.

– Берік Әбдіғалиұлы, кезінде облыс­тарды оңтайландырып, біріктіргеннен елі­міз не ұтты, Жезқазған өңірі не жо­ғалт­­ты деп айтар едіңіз?

– Аталған әкімшілік рефор­ма­ға қа­тысты көзқарас әралуан. Соның ішінде өңірлерді біріктіру де­мография, ұлттық мүдде тұр­ғы­сынан солтүстік өңірлерге оң әсер етті, қазақылануына септігін тигізді деген пікір айтылады. Бірақ, менің ойым­ша, сол тұста басты мақсат осы ғана емес еді. Ол – кейіннен келіп шыққан нә­тиже. Әрине, астананың Арқаға көшірілуі тиімділігін көрсетті. Әкім­шілік реформа қа­ражатты шо­ғыр­ландыруға, ұтымды жұм­сауға ықпал еткені рас.

Жасыратыны жоқ, Жезқазған жұрт­шы­лығы сол кездегі өзге­ріс­ке ренішті болды. Өйт­ке­ні бұл аймаққа жеткілікті кө­ңіл бөлінбеді. Аумағы тым үл­кен, ірі өнеркәсіп орындары шоғырланған Қарағанды об­лы­сының өз проблемасы да жетіп артылатын. Оған тағы бір көлемді облыс – Жезқазғанның қо­сылуы жүкті тым ауырлатып жіберді. Сондықтан Мемлекет бас­шысының бұл аймақта қай­­тадан жеке облыс құру жөнін­дегі бас­тамасы ел игілігі үшін дер кезінде қабылданған, жұрт айрықша қуанышпен қабылдаған әділетті шешім болды.

– Бұрын Жезқазған құра­мын­да болған біраз аудан-қала облыс қайта құрылғанда Қара­ғанды аумағында қалды. Қа­зір Ұлытаудың еншісінде барлы-жоғы үш қала мен екі аудан бар. Ол мәселе облыстың дамуына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Соншалықты теріс әсері бар деп айта алмаймын. Бұл жерде біз мына мәселеге назар ауда­руымыз керек. Мемлекет бас­шысының басты саясаты – халық үніне құлақ асу. Кез келген істі халықпен кеңесе отырып, көпшілікке ыңғайлы жолын қарастыру. Бұл жерде де Президент ең алдымен жұрттың қалауын ескеріп, оларға тиімді шешім жасады. Ұлытау облысы екі аудан, үш қаладан құралып, тұрғындар саны аз болғанымен, аумағы бойынша – елімізде бесінші орында. Бұл жақта шалғай ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету, жолын жөндеу, халықтың әл-ауқатын арттыру сияқты жылдар бойы қордаланып қалған проблема жеткілікті.

– Айтқымыз келгені, еңбек күші, тұ­тынушы нарығы деге­ніңіз эконо­ми­каның қозғау­шы күші. Кәсіп­кер­ліктің дамуына да тұрғындардың көп болғаны қажет…

– Әрине, кезінде облыс мәр­те­бе­сінен айырылғаннан ке­йін халық саны едәуір азайды. Ол – заңдылық. Жұртшылық болашағына алаңдап, Астанаға, Алматыға, облыс орталығы – Қарағандыға көшті. Баспананың өзін сол жақтардан алды. Кә­сіп­керлер де бизнесінің келе­шегін ойлап, халық көп шоғыр­лан­ған жерлерге кетіп жатты. Статистикалық мәліметке қара­сақ, өңірден былтырдың өзінде 8 мың адам, биыл 5 мың тұрғын көшкен екен.

Облыстың қайта құрылуы үде­ре көшуді тоқтатады. Оған күмән жоқ. Кері­сінше, енді тұрғындар саны артады. Қазірдің өзінде облыс орталығында көптеген мекеменің ашылуымен бірге көшіп келушілер кө­бей­ді. Біздің есебімізше, об­лыстық департамент, басқар­маларды кадрмен қамту аясында алғашқы кезекте мыңға жуық адам келеді. Олардың отбасын есептесеңіз, елге қосылған ха­лық­тың саны бірнеше есеге көбейеді. Бұдан бөлек, инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар ашу бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Алдағы жылы Жезқазғанда халықаралық тех­ни­калық университет ашылады. Оған білікті мамандар, еліміздің түкпір-түкпірінен студенттер келеді. Келгендерді баспанамен қамтамасыз ету қажет. Отбасы саны көбейген соң мектеп, балабақшаға сұраныс артады. Бұл өз кезегінде құрылысқа қарқын береді. Ол салада да қосымша жұмыс орындары ашылады. Осындай кешенді жоспарды іске асырсақ, алдағы үш жылда облыста тұрғындар санын үш жүз мыңға жетеді деген жоспар бар.

– Ірі мекеме-ұйымдар көп жыл бойы негізінен Қарағандыда бол­ған­дықтан, бұл жақта мамандар көп тұ­рақ­та­ма­ға­ны белгілі. Осы мәселені қалай шешіп жатырсыздар?

– Рас, кадр мәселесі өте күрделі. Маман тапшы. Сабақтастық үзіліп қалған. Көп дүниені жаңадан бастап жатқандықтан, қиындықтар жеткілікті. Бірақ жұмыс жүріп жатыр. Біз өңірлердің алды болып, басқармаларды құрып, кадрларды біршама түгендеп алдық. Бюджетіміз қалыптасып, кешенді жоспарымыз да қабылданды. Мамандарымыз белсенді жұмыс істеп жатыр. Бірақ тапшылық сонда да көрініп тұрады. Бір адам екі-үш маманның жұмысын істеп жүр. Осы орайда әріптестеріме рахмет айтамын. Ең бас­тысы, дайындық шараларын дер кезінде жасап алдық. Енді жұмыс жүйеге түседі деп ойлаймын.

– Өткен аптада облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жос­пары бекітілді. Осы құжат бойын­ша алдыңғы кезекте қандай іс-шаралар жүзеге асады?

– Иә, алдағы бес жылда атқарылатын жұмыстар нақтыланды. Үкіметпен бірлесе отырып, облысты дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітіп алдық. Жүзеге асатын іс-шаралар 9 бағытты қамтиды. Ол – индустриялық-инновациялық даму, минералдық-шикізат базасын кеңейту, кәсіпкерлік, агроөнеркәсіптік кешен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы, әлеуметтік ин­фра­құрылым салаларын өркендету, экология және табиғатты пайдалану.

Бес жылдық кезеңдегі инвести­ция­лардың жалпы көлемі 1,9 трлн теңге болады. Оның ішінде республикалық бюджеттен 393,6 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 138,6 млрд теңге бөлінеді, жеке инвестициялар 1,4 трлн теңгені құрайды.

Бұл жоспарды жасау барысында біз өңір халқы айтып жүрген ең өзекті мәселелерді саралап, алдыңғы кезекте соған назар аудардық. Жезқазғандықтар үшін көкейкесті мәселенің бірі – сапалы ауыз суға қол жеткізу. Қазір қала ауыз судың 60 пайызын Кеңгір су қоймасынан, 40 пайызын Үйтас-Айдос жерасты көзінен алады.

Кеңгір суының сапасы төмен екені жасырын емес. Сондықтан жаңа технологияны қолданып, су қоймасын та­за­­лауға кірісеміз. Ал негізгі жұмыс – қа­ла­ны сапалы суымен қам­тамасыз ету. Президент тапсырмасы бойынша суағарды реконструкциялау бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, оң қорытынды алынды. Бұл жұмысты Қарағанды облысы бастаған, біз әрі қарай жалғастырып жатырмыз. Құрылыс жұмысы 2023 жылы басталады. Осы арқылы болашақта жерас­ты суының үлесін көбейтеміз. Кеңгірдің суын тазалаймыз. Сонда алдағы екі жылда судың сапасы өзгереді.

Екінші мәселе – минералдық ресурс­тарды дамыту. Біз қазір «Қазақмысқа» тәуелдіміз. Бюджетіміздің 70 пайыз түсімі корпорация арқылы келеді. Ұлытауды келешекте өзін-өзі толық қамтамасыз ете алатын, қуатты аймаққа айналдыру үшін жалғыз кәсіпорынға алақан жайып отырмай, экономиканы әртараптандыруға күш салуымыз керек. Сондықтан өңірдің қазба байлығын іске жаратып, инвестиция тартуды, жаңа кәсіпорындар ашуды көздеп отырмыз. Бұл ретте облыста минералдық-шикізат базасын кеңейту аясында геологиялық кластер салынып, 9 кен орнына геологиялық барлау жұмыстары жүргізіледі. Индустриялық-инновациялық даму аясында химия, мұнай өңдеу, қара мыс концентраттарын өндіру зауытын ашу, Жезқазғандағы мыс балқыту зауытында жаңа күкірт қышқылы цехын іске қосу жоспары да бар. Қазір елімізде жанар-жағармай тапшылығы байқалып отырғаны белгілі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін өңірде мұнай өңдеу зауытын салғымыз келеді. Бұл мәселені мен Үкіметтің алдында көтергенмін. Егер бізге жылына 1 млн тонна мұнай беріп тұрса, оны өңдейтін зауытты ашуға дайынбыз. Шикізатты осы өңірден де табуға болады.

Тағы бір басым бағыт – агроөнеркәсіпті дамыту. Бұл салада ет, сүт өңдеу зауыттарын салу, құс еті мен жұмыртқа өндіру кешенін іске қосу, ұн тарту кешенін жаңғырту сияқты 11 инвестициялық жобаны іске асырсақ деп отырмыз.

Бір ғана мысал айтайын, Ұлытау облысында еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміндегі 19 өнімнің 3-еуі ғана шығады. Ол: ет, нан, ұн. Қалғанының бәрі сырттан келеді. Қарағанды облысы, қателеспесем, сол тізімдегі 17 түрлі өніммен өзін-өзі қамтамасыз етеді. Біз көкөніс, сүт өнімдерін Қарағандыдан немесе оңтүстік облыстардан алып отырмыз. Енді сыртқа тәуелді болмай, осы 19 өнімнің кемінде 13-ін өзімізде өндіруді мақсат етіп отырмыз. Көкөніс түрлерін, сүт және макарон өнімдерін дайындау өз кәсіпкерлеріміздің де қолынан келеді. Осы мақсатта әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясын құрып қойдық. Сол арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсетеміз.

Сосын бұл жақта малдың басы да қауырт өсіп келеді. Өкініштісі, оның да игілігін толық көріп отырған жоқпыз. Біздің өңірдің малын сырттан келіп, арзан бағаға алады да бордақылап, өзімізге қымбатқа сатады. Сондықтан бордақылау алаңдарын ашуды жоспарлап отырмыз.

Тұрмыс деңгейін арттырудағы ше­шу­ші фактордың бірі – жол сапасы. Республикалық жолдарды айтпағанда біздің ауданаралық, ауыларалық жолдарымыз әбден тозған. Қаражаттың қомақты бөлігін осы бағытқа бөлу қажет. Кешенді жоспар бойынша жалпы сомасы 264 млрд теңгеге 227 шақырым облыстық автожолдар және 118 шақырым қалаішілік және кентішілік жолдар салынады, қайта жөнделеді. 2023 жылдың өзінде облыстық және аудандық маңызы бар 156,5 шақырым автокөлік жолын жөндеу жоспарланды.

– Көп жылдан бері айтылып келе жатқан Жезқазған – Қарағанды, Жез­қазған – Қызылорда жолдарының тағдыры не болды?

– Республикалық маңызы бар жол­дар­ға келетін болса, өкінішке қарай, Жезқазған-Қызылорда бағытына 90 миллиард теңге бөлініп, байқау өтті де, ұтқан компания бас тартып отыр. Құрылыс материалдарының қымбаттап кеткенін алға тартады. Енді министрлік қайтадан байқау ұйымдастырайын деп жатыр. Бұл 2024 жылы бітуі керек еді. Енді биыл байқау ұйымдастырылса, ендігі жылы бастала ма деп үміттеніп отырмыз. Ал Жезқазған – Қарағанды бағыты бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатқанын естіп отырмыз. Құжат дайын болса кейбір учаскесінде жұмыс келесі жылдан басталатыны айтылып жатыр. Ал Арқалық-Ұлытау арасындағы 30 шақырым жолды жөндеуді келесі жылға жоспарлап отырмыз.

– Ұлытау дегенде негізгі табыс көзі ретінде түсті металлургия мен ауыл шаруа­шылығынан кейін туризм саласы аталады. Жалпы, туризмнен түсім болады деп ойлайсыз ба?

– Иә, туризм – Ұлытау үшін өңірлік дамудың негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан да кешенді жоспарға сәйкес туризмнің дамуына 1,5 млрд теңге қаражат бөлу жоспарланып отыр. Одан бөлек, «Қазақмыс» корпорациясымен жасалған меморандум бойынша Ұлытау селосында бірқатар туристік нысан салынады. Осыдан 10 жыл бұрын туризмнің біздің өңірде дамитынына көпшілік күмәнмен қарайтын. Өйткені жер шалғай, жол нашар. Бірақ соңғы жылдары көзқарас өзгерді. Қазір бұл өңірге саяхаттап келушілер көбейді, кәсіпкерлер де табыс көзі екенін түсініп отыр.

– Түсім демекші, «Жошы хан» кешені салынғаннан бері бұл салада табыс қан­­шалықты өсті? Байқауымызша, турис­тер соншалықты артпаған сияқ­ты…

– «Жошы хан» – коммерциялық емес, тарихи, геосаяси мәні бар жоба. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен ашылған бұл кешеннің басты мақсаты – рухани тәрбиені, елдік құндылықтарды қалыптастыруды жүзеге асыру. Еліміздің кешегі Ұлы даланы жайлаған іргелі мемлекеттің заңды мұрагері екенін таныту. Кешен салынғаннан бері қасиетті мекенге тәу етіп келушілер қатары айтарлықтай артты. Жыл басынан бері 20 мыңға жуық адам келді. Туристер ағынының айтарлықтай артпағанына қазір кешеннің қаладан тысқары орналасуы, жолының нашарлығы ықпал етіп отырғаны аян. Сондықтан Жошы хан кешеніне жол салынып жатыр.

Сонымен қатар Ұлытауда басқа да ескерткіштер бар. «Қазақмыс» корпорациясымен келісіп, Әулиетау, Күмісбұлақ, Тасбұлақ, Теректі әулие мекендерінің ма­ңын абаттандырамыз. Сосын Жезқаз­ған­да қонақүй тапшы. Ендігі жылдың өзінде 3 қонақүй құрылысын бастаймыз деп жатырмыз. Бұған қоса арнайы туристік маршруттар дайындаймыз. Осы жұмыстың барлығы туристер ағынының артуына ықпал етеді деп ойлаймын.

– Жезқазғанда үй тапшы деп естіп отырмыз. Жан-жақтан келіп жат­қан­дар, үй кезегінде тұрғандар көп. Бұл бағытта қандай шараларды қолға ала­сыздар?

– Баспананың тапшы екені рас. Оның үстіне бағасы қазірдің өзінде қымбаттап кетті. Облыс болуы әсер етті, сонымен қатар бұрыннан тұрғын үй жеткіліксіз. Бұған дейін жылына бір-екі үйден салынып отырды. Үйге мұқтаж адам көп, облыс бойынша 6 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр.

Сол себепті халық санының өсуін ескере отырып, Жезқазған қаласында 60 үйді қамтитын үш шағын аудан салуды жоспарладық. Жеке тұрғын үй құры­лысына 1 мың учаске бөлінеді. Сондай-ақ Жезқазғанда 26 апатты үйді, Сәтбаевта 20 апатты үйді жаңарту жұмыстары жүр­гізіледі.

Бұған қоса Жезқазғанның өзінде кем дегенде алдағы жылдары 3 мектеп, облыс бойынша 9 мектеп саламыз. «Қа­зақ­­мыстың» қолдауымен үлкен спорт ке­шені тұрғызылады. Келесі жылы облыс орталығында театр құрылысы басталады.

Қазіргі таңда 2-6 жастағы балалардың балабақшамен қамтылу көрсеткіші – 83%, ал 3-6 жас бойынша 89,4% құрады. Облыс бо­йынша 2023 жылы Жез­қазған және Сәтбаев қалаларында 640 орындық 2 балабақша құрылысы аяқталып, Жезқазғанда және Ұлытау ауданында 200 орындық 2 балабақша құрылысы басталады.

– Жоспарларыңызды қарап отыр­сақ, ірі жобалардың дені қала­ларды қамтитын сияқты. Осы орайда ауыл­дық елді мекендер назардан тыс қалған жоқ па?

– Жоқ, жоғарыда аталып өткен іс-шаралардың қомақты бөлігі ауылдық елді мекендерді де дамытуды көздейді. Жол салу, мектеп, балабақша, баспана тұрғызу, кәсіпкерлікті қолдау шаралары тұтас облысты, соның ішінде ауылды да қамтиды.

– Облыс халқының қанша пайызы ауыл тұрғындары?

– Тұрғындардың басым көпшілігі – 79%-ы қалада, 21% ауылда тұрады. Барлығы 76 ауыл бар. 2024 жылы цифр­ландыру ұлттық жобасының аясында облыстың барлық аумағын интернетпен, ұялы байланыспен толық қамту жоспарланған.

Қазіргі таңда облыс аумағындағы елді мекендердің 93,5%-ы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. 2025 жылға дейін көрсеткішті 100%-ға жеткізу мақсатында Ұлытау облысының кешенді дамыту жос­парына 5 елді мекенде су құбырын салу және 30 ауылды елді мекенде кешенді блок-модульдер орнату жоспарланып отыр.

– Әңгімеңізге рахмет.