Белсенділер Венаны саяси баспана сұраған тәжік азаматын Душанбеге бермеуге шақырды
Қуғындағы тәжік оппозициясы өкілдері Австрия билігін қамауда отырған Тәжікстан азаматы Хизбулло Шовализоданы еліне қайтармауға шақырды. Белсенділердің айтуынша, Тәжікстанда оны азаптап, әділетсіз сотқа тартуы мүмкін.
Шетелде тұрып жатқан Вайсиддин Одинаевтың айтуынша, 29 жастағы Шовализода бір жыл бұрын Австрияға көшіп келіп, саяси баспана сұраған. Алайда Вена оған саяси баспана бермеген. 22 қаңтарда ол қамауға алынды. Одинаевтың айтуынша, Шовализода ешбір партияға мүше емес, ол Тәжікстанда қуғынға ұшыраған түрлі оппозиция күштерін біріктірген Тәжікстанның ұлттық альянсы ұйымын қолдайды.
Одинаевтың айтуынша, Автрия Шовализоданы Тәжікстан билігінің өтінішімен қамауға алған. Оған елінде «экстремизм» бабы бойынша айып тағылған. Оны 4 наурызда депортациялайды деп айтылады.
Тәжікстан билігі бұл ақпаратты растаған жоқ, жоққа шығарған да жоқ.
Былтыр қазан айында Тәжікстанның жоғарғы соты Тәжікстанның ұлттық альянсын «экстремистік ұйым» деп таныған. Бұл ұйым 2018 жылы қыркүйек айында оппозиция белсенділерінің бастамасымен құрылған.
Халықаралық құқық қорғаушылар «өзгеше ойлайтындарды» қудалайды деп ұзақ жылдардан бері Тәжікстан билігін сынап келеді. 2014 жылы «Группа 24» оппозициялық қозғалысы да елде «экстремистік ұйым» деп танылып, қызметіне тыйым салынған. 2015 жылы наурыз айында қозғалыс жетекшісі Омарали Кувватов Стамбулда атып өлтірілген.