Белсенді Сәуле Әбілдаханқызы өзіне шабуыл жасалғанын айтады

0

5 маусымда кешкісін Алматыда белсенді Сәуле Әбілханқызын жедел жәрдем ауруханаға әкетті. Белсендінің сөзінше, «Наурызбай аудандық полиция бөлімшесінен шыққан сәтте оны бірнеше белгісіз әйел ұрып кеткен».

Азаттық тілшісі жедел жәрдем белсендіні ауруханаға әкеткен сәтін көрген.

Сәуле Әбілдаханқызы түскен №7 аурухананың бас дәрігері Қуаныш Жанболат Азаттыққа белсендінің денесінде тырналған белгілері болғанын айтты.

— Қолдары, денесі тырналған. Оның бәрін жазып береміз. Басын рентгенге, іш-құрылысын УЗИ-ге түсірдік. Сынған жері жоқ, іш-құрылысы аман. Хирург, травматолог, нейрохирург дәрігерлер қарады. Қолына қағаздарын беріп, қандай дәрі ішу керегін айтып, үйіне қайтардық, — деді дәрігер.

4 маусымда полиция Сәуле Әбілдаханқызын департаментке шақырған. Белсенді айтуынша, полиция шақыру себебін толық түсіндірмеген, «үстінен әлдебір әйелдің шағым түсіргенін» айтқан. Белсенді «шағымданған әйелді танымаймын» деген.

5 маусымда белсенді Facebook парақшасында полиция бөлімшеге қайта шақыртып жатқанын хабарлаған.

Сәуле Әбілдаханқызы билікке талап қойған аналардың мәселесі жайлы әлеуметтік желіде посттар жазып жүр. Ол биліктен көп балалы аналар мәселесін шешуді талап етеді. Белсенді Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросы ұйымдастырған Париж конференциясына қатысып қайтқан.

Белсенді Сәуле Әбілдаханқызының​ AzattyqLIVE хабарына келген сәті. 8 ақпан 2019 жыл.

Azattyq