Белсенді Бейбарыс Толымбаев 15 күнге қамалды

0

Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты бүгін, 21 сәуірде «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» (488-бап, 3-бөлім) деген айыппен белсенді Бейбарыс Толымбаевты кінәлі деп тауып, 15 күнге қамады. Істі судья Ержан Алдабек қараған. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне саясаттанушы, «ІІМ-дегі реформа үшін» тобының белсендісі Димаш Альжанов жексенбі кешке хабарлады.

«Бейбарысты алып кетті. Тергеу және ұстау кезінде заңбұзушылықтар болды. Бұған қоса, оның үстінен толтырылған хаттамада «Лидер нации — позор нации» деген жазуы бар плакат болды» деп қосып жазып жіберген. Судья бұл ақпаратты тексерген жоқ және хаттама толтырған полицейден де жауап алмады» деді Димаш Альжанов.

Жексенбі, 21 сәуір кешкі сағат алты жарым шамасында ол белсенді Әсия Төлешованың соты жалғасып жатқанын айтты. Әсия Төлешова судья М.Абраевты ауыстыру жөнінде өтініш берген. Судья шешім қабылдау үшін залдан шығып кеткен.

Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотынан жауап ала алмадық. Бұған дейін Бостандық аудандық ішкі істер басқармасы Азаттыққа бірнеше белсендінің ұсталғанын растаған.

Сәуірдің 21-і күні таңертең Алматыда марафон кезінде полиция бірнеше белсендіні ұстады. Ақпарат бойынша, олар жол жиегіне «От правды не убежишь. У меня есть выбор» (Шындықтан қаша алмайсың. Менде таңдау бар) деген жазуы бар баннерлерді іліп қойған. Полиция оларды ұстап, Әсия Төлешова мен Бейбарыс Толымбаевқа «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айып тағып, әкімшілік іс қозғаған.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымға белгіленген.

Azattyq