Белгілі тарихшы Талас Омарбеков өмірден озды

1

Қазақтың көрнекті тарихшысы, зұлмат жылдардың ақтаңдақ беттерін ашып, бүгінгі ұрпаққа қаз қалпында жеткізген ғалым Талас Омарбеков дүниеден өтті. Бұл туралы Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Fаcebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды kznews.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қайран Талас ағамыз Хаққа қауышыпты. Тарихшылардың тірегі еді, ақтаңдақтарға алғаш барғандардың бірі еді, ірі еді… Иманы жолдас болсын!», — делінген жазбада.

Талас Омарбеков 1948 жылы 29 мамырда Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы Ақжар ауылында дүние есігін ашқан.

Жоғары білімді Абай атындағы ҚазПИ-дің тарих факультетінде алады. 1971 жылы оқуын тәмамдап, қызмет жолын Жамбыл облысының Жуалы және Байзақ аудандарында тарих пәнінің оқытушысы, оқу ісінің меңгерушісі ретінде бастады.

Ғалым қазақтың көзі қарақты қауымына Мұхамед Хайдар Дулати мұраларын, орта ғасырлардағы тарихи тұлғаларды ұлттық көзқараста зерделеп, қазақ тарихын кезеңдеудің теориялық-методологиялық мәселелері бойынша іргелі пайымдар жасаған зерттеуші ретінде белгілі.

Сондай-ақ ол Қазақстанда сталиндік тоталитарлық жүйенің орнығу салдарын барынша батыл зерттеген алғашқы қазақ тарихшыларының бірі болды.

Өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы байларды тәркілеу, күштеп ұжымдастыру саясатының зардаптарын ашық көрсетіп, сол тарихи кезеңде орын алған халық наразылықтарына жаңа тарихи көзқарас қалыптастырды.

Ғалымның артында «Қазақ шаруаларын меншігінен айыру және күшпен ұжымдастыру», «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті» (1997), «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселері» (2001), «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас» (2004) сияқты іргелі еңбектер қалды. 1997 жылы ҚР-ның әлеуметтік ғылымдар

Академиясының академигі атанған.

Тарихшы көз жұмар сәтіне дейін «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» жөніндегі ұлттық комиссияның құрамында белсенді жұмыс істеп, ұлт-азаттық сипаттағы көтерілістер мен қозғалыстардың нақты санын тұрақтандыруға атсалысты.