белгілері, дәрілері, емдеу жолдары, алдын алу шаралары

0

Маманның айтуынша, тұмаудың алғашқы белгілерін байқаған бойда тез арада дәрігердің көмегіне жүгінген жөн

НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек – Sputnik, Дәурен Ерболат. Отбасылық дәрігер Азамат Байболаев тұмаудың қандай түрлері бар екенін, адамдар тұмауды емдегенде қандай қателік жіберетінін, ауру асқынып кетпес үшін не істеу қажеттігін, тұмау кезінде жүкті әйелдерге неге дәріні көп ішуге болмайтынын Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.

Тұмау қандай ауру?

Азамат Байболаев елордадағы №6 қалалық емханада отбасылық дәрігер болып жұмыс істейді. Маманның медицина саласында қызмет атқарып жүргеніне жеті жыл болыпты. Ол тұмаудың вирустық жұқпалы дертке жататынын айтып, сырқаттың үш түрін атап өтті.


©
Sputnik / Дәурен Ерболат

№6 қалалық емхананың дәрігері Азамат Байболаев

«Тұмаудың А, В, С деген түрі бар. А түрі өте қауіпті. Ол жануарлар мен адамдарда кездеседі. Оған құс және шошқа тұмауын жатқызуға болады. В түрін науқастар жаппай жұқтырмайды. С өте жиі кездеседі әрі тұмаудың жеңіл түрі болып саналады. Астаналықтар тұмаумен жиі ауырады. Алайда тұмаудың түрін анықтау арнайы медициналық зерттеуді талап етеді», — дейді дәрігер.

Тұмау асқынып кетсе, не болады?

Медицина маманының айтуынша, адамдар бұл дертке немқұрайлы қарап, оны асқындырып алады.

«Уақытында дәрігерге қаралмайды. Өзіне дәрі тағайындап, өз бетінше емделеді. Салдарынан дертті асқындырып алады. Мұндай жағдайлар тәжірибемде болды. Өкпенің қабынуы (пневмония), отит (құлақтың қабынуы) аурулары жиі кездеседі. Сондай-ақ науқас плеврит (өкпеге судың жиналуы) дертіне шалдығуы мүмкін. Плеврит пен өкпенің қабынуы (пневмония) тыныс алуды қиындатады. Бұл баланың да, ересек адамның да өміріне қауіпті. Оның соңы қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін», — дейді Азамат Байболаев.

Тағы оқыңыз: «Миға ірің шабады»: дәрігер ешкім елемейтін сырқаттың аса қауіпті екенін айтты

Дәрігер тұмаудың ең асқынған түрі бактериялық эндокардит немесе миокардит екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, миокардит – бактериялық инфекция. Ол өкпе арқылы адамның жоғары тыныс алу жолдарына кері әсерін тигізеді.

Ыстық түсіретін дәріні қалай ішу керек?

Сұқбат барысында Азамат Байболаев пациенттер ыстығы көтерілген кезде бірден парацетамол, терафлю сынды дәрілерді ішетінін айтты. Бірақ дәрігер бұл дәрі-дәрмекті қабылдамас бұрын бір жағдайды ескерген жөн дейді.

«Дене температурасы 38,5°C-тан асса ғана дәрі ішу керек. Бұл да адамның ағзасына байланысты. Мысалы кейбір пациенттердің ыстығы 38,5 °C-тан көтерілсе, денесі қалтырап, қалшылдайды. Ал кейбірінде 39°C болса, сіңірі тартылып қалады. Сондықтан дене қызуы 38-39°C-тан жоғарылай бастаса, парацетамол ішкен жөн. Сонымен қатар шай мен суды көп ішу керек. Бұл организмдегі интоксикацияны тоқтатады. Ауруды жеңуге септігін тигізеді», — дейді медицина қызметкері.

Тұмауды емдегенде жіберілетін қателік

Отбасылық дәрігер тұмауды емдеген кезде тұрғындардың жіберетін қателігіне тоқталды.

«Пациенттер антибиотик ішсек, тұмаудан тез жазылып кетеміз деп ойлайды. Алайда антибиотик вирустық инфекцияға емес, бактерологиялық инфекцияға қарсы күреседі. Тұмау асқынған кезде бактериялық инфекцияға айналады. Осыны есте сақтаған жөн. Бүгінде адамдар «сумамед» деген күшті антибиотикті ішеді. Сондай-ақ цефазолин, пенициллин тобына жататын екпелерді сатып алып, өздері салады. Бірақ тұмауды емдеуде антибиотик қолданылмайды. Мұны адамдар көбінесе білмей жатады», — дейді ол.

Тағы оқыңыз: Мүлдем ішпеу керек: дәрігер адам үшін аса қауіпті сусынды атады

Азамат Байболаев цефазолин екпесі хирургиялық препаратқа жататынын, пациентке ота жасаудың алдында иммунитетін көтеру үшін пайдаланатынын жеткізді.

Ол тұмаумен ауырған кезде дәрігерге қаралу қажеттігін айтып, дәрі-дәрмекті медициналық маманның кеңесімен ғана қабылдауға кеңес берді.

Жүкті әйелдерге дәрі ішуге бола ма?

Отбасылық дәрігер тұмау кезінде жүкті әйелдерге өте сақ болу қажеттігін жеткізді. Себебі болашақ ана өзінің ғана емес, нәрестесінің де денсаулығына жауап береді.

«Тұмау кезінде анасының дерті асқынса, іштегі нәрестеге кері әсерін тигізеді. Сондықтан жүкті әйелге көп дәрі ішуге болмайды. Әрине, оның жағдайы дәрігердің бақылауында болады ғой. Тиісті дәріні медицина маманы тағайындайды. Алайда неше түрлі дәрі бар. Жүктілік кезінде оны қабылдаса, нәрестенің денсаулығына зияны тиюі мүмкін», — дейді отбасылық дәрігер.

Тағы оқыңыз: «Еркектің қуатын арттырады»: дәрігер қан алдыру немесе хиджаманың пайдасын айтты

Сонымен қатар ол аналарға балалары тұмаумен ауырған кезде бірден дәрігерге қаратуға кеңес берді. Бұл дертті одан әрі асқындырмауға мүмкіндік береді.



sputniknews.kz