Бекшин Алматыдағы Cobid-19 инфекциясын жұқтыру өсімін атады

0
19

Қалада күн сайын екі мыңға жуық адамнан тест алынып жатыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті үш мыңға жеткізу жоспарланып отыр

АЛМАТЫ, 5 мамыр – Sputnik. Алматыда соңғы жеті күндегі коронавирус инфекциясын жұқтыру өсімі 6%-ті көрсетті. Бұл жайында қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Бүгінге дейін қалада 77 мың адам коронавирус инфекциясына тест тапсырды. Оның ішінде 22 мың экспресс тест, 55 мың ПТР тест алынды. Қала бойынша 19 мың медицина қызметкерінен тест алынды», – деді Бекшин.

Сонымен қатар күн сайын Алматыда екі мыңға жуық адамнан тест алынып жатыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті үш мыңға жеткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Жандарбек Бекшин «жаңадан жұмысқа орналасатындар коронавирусқа тест тапсыра ма» деген сауалға жауап берді.

«Мұндай талап жоқ. Анықтама тек инфекциялық стационарға жұмысқа қабылданатын жағдайда ғана сұралады. Ал басқа нысандарда жұмыс берушілер өзі шешеді»,  – деді ол.

Айта кетейік, қазірге дейін Алматыда 1 353 адамнан коронавирус инфекциясы табылды.

Инфекциялық стационарларда 1 135 пациент емделіп жатыр. Бір пациенттің жай-күйі – өте ауыр, 34 науқастың жағдайы ауыр, 289 адамның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Қалған науқастардың жағдайы қанағаттанарлық.

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, қалада ауыр халде жатқан науқастар саны азайды.

«Коронавирус жұқтырғандардың қосымша аурулары болған жағдайда емдеу үдерісі қиындайды. Cobid-19 инфекциясын жұқтыруы мүмкін жоғары тәуекел тобына ЖРВИ, пневмония белгілері бар адамдар, медицина қызметкерлері, қала аумағындағы әр түрлі әскери бөлімдерден әскери қызметшілер енгізілген. Сонымен қатар карантинге қойылатын талаптардың сақталуын бақылау мақсатында патрульдеуші құрам, ІІМ жүйесінің қызметкерлері, блок бекеттерге жұмысқа тартылған адамдар да тізімге қосылған», – деді Әбілдаев.

Сондай-ақ, қалада коронавирус инфекциясынан қайтыс болу дерегі 0,6%-ті көрсетіп отыр.

Айта кетейік, Алматыда індеттен 210 адам сауығып, ауруханадан шықты.



sputniknews.kz