Бейсен Құранбек: Жігіті алдап жүкті еткен қызға құда болып барып, екеуін үйлендіргенбіз — Қазақстан жаңалықтары
Тележүргізуші тізгіндеген бағдарлама шаңырағы шайқалғалы тұрған бір отбасын, бір қыздың тағдырын шешіп берген еді. Бұл туралы Бейсен Құранбек көзі тірсінде берген сұхбатында айтты.
Бейсен Құранбек «Айтуға оңайда» өзіңіз көңіліңіз қалаған, бірақ экранға шығара алмаған тақырыптар болды ма?» деген жас тілшілер сұрағына жауап берген.
Бейсен Құранбек: Болады, көптеген хабарларымыз эфирден өтпей жатыр. Біз бұл хабарды өзгелерге көмектесу үшін жасадық. Қайырымдылық концерттер өткіздік, 3-4 адам баспаналы болды, оншақты адамның құжатын жасаттық, жүз мыңдап қаншама адамға кәсіпкерлерден ақша бергіздік, ақындардың кітаптарының шығарылуына ұйытқы болдық. Бір оқиға ерекше есімде қалыпты. Шымкенттен бір апа келді.
«Бейсен, сендер көмектеспесеңдер болмайды. Қызымның аяғы ауыр болып қалды. Жүріп жүрген жігіті тастап кетті, телефонын да көтермейді. Не істерімді білмеймін. Әкесі білсе өлтіреді», – деді. Содан қызды көзілдірік таққызып эфирге шығардық. Қаржылай көмектесетін кәсіпкерлерді шақырдық. Олар 100-150 мың теңгеден ақша алып келді. Өте ауыр хабар болды. Жігіттердің бәрін жерден алып, жерге салдық. Кейіннен сол хабарға қатысқан кәсіпкер әйелдер күйеулерін ертіп, құдалыққа беретін киттерін, алтындарын, қалыңмалын алып, Шымкентке әлгі аяғы ауыр болған қыздың үйіне барған. «Біз сіздердің қыздарыңызға құда түсіп келіп отырмыз. Баламыз ауырып қалды», – деп қыздың әкесінің алдынан өтеді.
Құда болып, қызды алып қайтады. Қызды тастап кеткен, жауапкершілігі жоқ жігітті «бұзық» жігіттер арқылы тауып сөйлессе, бәрін мойындапты. «Үйленетін жағдайым жоқ» депті. Сосын жігітті жұмысқа тұрғызып, жас отбасына бір жылға Алматыдан пәтер жалдап берді. Сол қарындасымыздың шешесі қыз босанғасын екі айдан кейін хабарласып: «Рақмет, сендер болмасаңдар шаңырағымыз шайқалар ма еді. Әкесі қызым екеумізді өлтірер ме еді», – деп жылады. Қазір сол отбасы тату-тәтті тұрып жатыр.
Мұндай жағдайлар хабар барысында өте көп болды. Бастапқыда «Айтуға оңайда» 3 ай ғана жұмыс істеймін деп ойладым. Қазір ақылдасып, келіссөз жүргізіп жатырмыз. Ары қарай мен хабарды жалғастырмайтын шығармын.
stan.kz