Бейбіт аспан астында
Көрме «ҚазБат» қазақстандық батальонының бітімгершілік миссиясының аяқталуының он жылдығына орайластырылып, Ирактағы қазақстандық және поляк бітімгершілерінің жалпы бейбітшілік орнатудағы миссиясын қамтыды.
2003 жылдың сәуір айында Саддам Хусейн режімі құлатылғаннан кейін халықаралық қоғамдастық Ирактағы жағдайды қалыпқа келтіру шараларын қабылдады. Осы мақсатқа жету үшін төрт тұрақтандыру аймағы құрылды. Ирактағы поляк әскери контингентінің басшылығымен Орталық-Оңтүстік көпұлтты дивизиясы оңтүстік орталық аймақты бақылауға алды. Орталық-Оңтүстік көпұлтты дивизиясы 23 мемлекеттен, оның ішінде 2500 поляк жауынгері мен «Қазбаттың» бітімгершілік батальонының инженерлік саперлік жасағынан тұрды, ол 2003 жылдың 19 қыркүйегінде Иракқа жіберілді. Қазақстандық бітімгершілік «ҚазБат» батальоны 2000 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылды. Қазақстандық жасақ инженерлік саперлік топтан, сумен жабдықтау және жеткізу тобынан құралған. «ҚазБат» инженерлік саперлік тобының міндеттеріне жарылғыш заттарды іздеу, сақтау және залалсыздандыру кіреді.
Көрмеге «ҚазБат» бітімгершілік миссиясының Ирак Республикасындағы барлық алты жылдық кезеңін көрсететін 30 фотосурет қойылды.Суреттерде Ирактағы бейбіт өмір үшін иық тірестіріп бірге күрескен қазақстандық және польшалық бітімгершілердің күнделікті өмірінің түрлі сәттері көрініс тапқан.
Миссияны орындау кезінде 22 поляк әскериі және бір қазақстандық офицер, капитан Қайрат Құдабаев қаза тапты, көрмеге оның да суреттері қойылған.
Шараға Польша Республикасының ардагер бітімгершілері қатысты, олар Ирактағы бітімгершілік миссиясы аяқталғаннан кейін қызметтерімен қайта қауышады.
Рәсімде мерекелік бағдарлама дайындаған қазақстандық оркестр өнер көрсетті. Қонақтар үшін екі елдің әскери марштары орындалды. Көрме халықаралық маңызға ие және екі елдің арасындағы достықтың қанатын кең жайғанын көрсетіп отыр. Иракта бітімгершілік жолда жүрген жауынгерлер үшін де әрқашан сәтті қадамдар тілейік.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ