Танымал заңгер: «Байбек әкім болған кездегі жерге қатысты былықты жақсы білемін»

0

KzNews опрталы КазТАГ жариялаған танымал заңгер Бақытжан Базарбектің сұхатын қазақшаға аударып жариялауды жөн көрді.

Танымал қазақстандық заңгер Бақытжан Базарбек Алматы қаласының бұрынғы әкімі — Nur Otan партиясы төрағасының бірінші әкімі Бауыржан Байбектің саясаткер Жанболат Мамайға берген талап арызы бойынша шығарылған сот шешімін таңқаларлық деп есептейді. Сондай-ақ, ол Байбектің Алматыны басқарып тұрған кезінде жер қатынастары саласында орын алған былық-шылықтар туралы жақсы білетінін жеткізді.

«Сот Бауыржан Байбектің Жанболат Мамайдың үстінен түсірген талап арызы бойынша жүргізілген азаматтық іске Мамайдың адвокаттарының сұранысы бойынша дайындаған маманның (менің) қорытындысын қосудан бас тартты. Мен саясатпен айналыспаймын және Мамайдың жақтасы да емеспін. Бірақ мен 2017-2019 жылдары Алматыдағы жер қатынастары саласында орын алған (қазіргі таңда да бар) былық-шылықтарды құзыретті маман ретінде жақсы білетін санаулы жандардың бірімін. Бір қызығы, аталған азаматтық істегі талапкер сол кезде Алматының әкімі болған еді», — деді екі саясаткердің арасындағы дауға қатысты сот шешімі туралы ойын білдірген Базарбек.

Заңгердің айтуынша, ол 2017-2018 жылдары ол Алматы әкімдігі жанындағы жер мәселесі бойынша кеңесші болған. Қала әкімінің бірінші орынбасары және жер комиссиясы төрағасының қызметін қоса атқарып жүрген Сұлтанбек Мәкежановқа жер мәселелері бойынша көмегін тигізген.

«Әр бейсенбі сайын Мәкежановтың өтініші бойынша мен азаматтарды қабылдауға жер мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы ретінде қатысып отырдым. Сол Мәкежановтың өтініші бойынша мені тәуелсіз сарапшы ретінде жер жөніндегі ең бір даулы мәселелерге тартып, Алматының Наурызбай және Алатау аудандарының әкімдіктеріндегі дауларды «реттеуді» қолға алдым. Адамдарды тыныштандыруға тура келді, сөйтсем, оларды халықтың ашу-ызасынан құтқарып жүріппін. Дәл сол кезеңде менің қолыма жер қатынастары басқармасы, архитектура және қала құрылысы басқармсы, Мемлекеттік архитектура және құрылыс комиссиясы, сондай-ақ Алматы әкімдігіндегі лауазымды тұлғалардың жер мәселелері бойынша заңсыз іс-әрекеттерін дәлелдейтін құжаттар мен материалдар келіп түсті», — деп атап көрсетті сарапшы.

Оның сөзінше, «бұған сотта «Мизам» базарының мүддесін, Сары Баерканованың, Анищенконың, Ғұмарованың, «ТКМ» ЖШС-нің, Ишмұхамедовтың (Бегалиннің) жерге құқықтарын қорғаған кезде анық көзі жетіпті».

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильмнің» жерлерін иеліктен шығару материалдарын терең зерттей келе, жанымда мемлекеттік қызметкерлер емес, құрамына қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының, жер қатынастары басқармасының, қала құрылысын бақылау басқармасының және Алматы қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғалары енген «мемлекеттік қызметтегі бизнесмендер» жүргенін анық ұқтым. Бұл істегі Бауыржан Байбектің рөліне келсек, мен оның жеке басының кінәсін тап басып айта алмаймын және оған заңгер ретінде құқығым да жоқ. Бұл құқық қорғау органдарының жұмысы. Мамайдың адвокаттары жақын күндері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың және «Қазақфильмнің» жерлерін иеліктен шығаруға қатысты барлық материалдарды құқық қорғау органдарына жіберуді жоспарлап отыр», — деді Базарбек.

Оның айтуынша, өзі жасаған қорытындыда жер-кадастрлық ісі құрамынан және жерді үйлестіру жобасынан алған нақты құжаттардың негізінде нақты мемлекеттік органдардың, Алматы қаласы әкімдігінің және оның құрылымдық бөлімшелерінің нақты лауазымды тұлғаларының тарапынан Жер кодексінің талаптарының, «Мемлекеттік мүлік туралы» және басқа да заңдардың және олардан туындайтын актілердің бұзылуын дәлелдеп берген.

«Судьяға дау ушығып кетпей тұрғанда істі жабу жөнінде айтылуы да мүмкін. Мүмкін судья өз еркімен сот процесін тезірек «аяқтауға» шешім қабылдап, сөйтіп, жекелеген саяси топтарға «ниеттестігін» білдіргісі келуі де ықтимал. Азаматтық істің материалдарына Бақытжан Базарбектің жасаған қорытындысын қосса, қоғам Алматы қаласының бұрынғы әкімінің және ол басқарған ұйымның қызметін басқаша бағалайды деп ойлаған да шығар. Қалай болғанда да, шындықты ешқашан біле алмаймыз. Бұл мәселенің астарын әрі қарай анықтауды саясаткерлердің үлесіне қалдырайық. Шынымды айтсам, мен жер құқығы саласындағы заңгер ретінде бұл сот ісінде әділдік жеңетініне әу бастан сенбегенмін», — деді ағынан жарылған сарапшы.

Ол «Байбектің Мамайға талап арызы мен сот процесін ақылға сыймайтын іс деуге болады» деп есептейді.

«Халық пен қоғам Алматы әкімдігіндегі жер қатынастарындағы сыбайлас жемқорлық туралы шындықты онсыз да білетін болса, сотқа талап арыз беріп, сот процесін «тап осылай» жеңіп шығудың қажеті қанша? Үшінші тұлғалардың ақпараттық медиакеңістікті өзінің және қарамағындағы бағыныштылардың қызметін әшкерелеуге жағдай туғызатын контентпен толтыруына өз қолдарымен мүмкіндік жасаудың не қажеті бар? Осы сот арқылы талапкер жауапкерді «менің қызметімді ақтарып қара» деп шақырып тұрғандай. Талапкер сотта жеңіп шыққанмен, концептуалды тұрғыда жеңіліс тапқандай әсер қалдырады. Қалайша дейсіз ғой? Қоғам жуық арада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильмнің» жерлерін иеліктен шығару жөніндегі шырқыраған шындықты білетін болады», — деп толықтырды заңгер.

Сондай-ақ Базарбек үшін «сот ісінің материалдарына мамандардың берген заңдық және филологиялық қорытындыларын қосудан үзілді-кесілді бас тартқан» судьяның позициясы да жұмбақ болып қалды.

«Тым болмаса әділетті сот болып көріну үшін азаматтық сот өндірісінің қарапайым шарттарын сақтауға болар еді ғой. Содан кейін біздегі сот тәжірибесінде жиі кездесіп жүргендей, кез келген қалаған сот шешімін «шығаруына» болатын еді. Сот процесін тез аяқтап, жауапкердің дәлелдемелерді ұсыну құқығын шектеуі соттың Конституцияны емес, жеке тұлғаларды қорғайтыны туралы қоғамға ашық түрде берілген дабыл болды. Талапкердің адвокатының айтуынша, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жер-кадастрлық ісі бойынша 2 мыңға жуық беттен тұратын айғақтар базасының 90%-ның іске қатысы жоқ екен. Бұл дегеніңіз адам түсініп болмайтын нәрсе! Адвокат Бас прокуратураның, ҚР Ғылым және білім министрлігінің, сондай-ақ Алматы қаласы жер қатынастары басқармасының жауаптарымен дәлелденген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жер көлемінің азаюы туралы фактіні және ол құжаттарға сенім білдірген қорғалушысының қолы қойылған фактілерді теріске шығара алмайды», — деп атап көрсетті Базарбек.

Оның сөзінше, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильмнің» жеріне қатысты жағдайдың ахуалы да дәл осындай.

«Байбек Esentai Сity-дің құрылысын жүргізу үшін ең соңғы сақталып қалған алма бағын сатып жіберді» деген Мамайдың кейбір фактілерінің дәл болмауы мен кейбір қолданылмайтын сөздерін (оларды мен де қолдамаймын) алып тастайтын болсақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жер-кадастрлық ісі бойынша материалдарды зерттей келе, Мамайдың тұжырымдарында қандай да бір шындықтың негізделген белгілері бар деген шешімге келеміз. Esentay-дың жерін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жер-кадастрлық ісін зерттемей қарастыру концептуалды тұрғыда дұрыс емес!» — деді сарапшы.

Базарбек Esentay паркі аумағындағы абаттандыру, көгалдандыру мақсатына бөлінген жер телімдері «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бұрынғы жерлері» деп көрсетті.

«Менімен кеңескен Мамайдың адвокаттары 2 мыңнан астам беттен тұратын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильмнің» жер-кадастрлық ісін сұратып алдырды. Жер-кадастрлық істің әр бетін мұқият зерттедік. Шынымды айтсам, 2 мыңнан астам беттен тұратын жер-кадастрлық ісін зерттеп болған соң, көкейімізде тек талапкерге ғана емес, мегаполистің өткен жылдардағы басшыларына деген көптеген сауалдар туындады. Судья азаматтық істің материалдарына маманның берген қорытындысын қосып, әрі қарай сотта өзі ұйғарған шешімді шығаруына болар еді. Сонда оған қойылар сұрақтар да аз болар еді. Әрі кеткенде халық «судьяға қысым жасалды» деп топшылар еді. Ал қазір осыған байланысты неше түрлі ойлар бар!» — деп толықтырды өз ойын заңгер.

Сарапшы атап өткендей, «бұл бір ақылға сыймайтын және қызықты сот процесі болды».

«Өкінішке орай өзіміздің аморфтығымыз бен азаматтық тұрғыда толық дамымағандықтан, осындай жағдайға келіп отырмыз. Иә, Талғар аудандық сотының шешімі сияқты (Bek Air ұшағы құлаған соң «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ мен аудан әкімдігіндегі шенеуніктердің жерге қатысты қулық-сұмдықтары мен айла-шарғылары бойынша) әкімдік пен КеАҚ-ның жең ұшынан жалғасқан шенеуніктері мен алаяқтарының аз мерзімге бас бостандықтарынан айыру немесе тіпті бостандығын шектеу сияқты ауыр жазадан құтылып кеткен «адекватты емес» шешімдер болады. Бұл азаматтық іс сотта тең құқылық пен пікір тартысы болмаған, тек қана жауапкерді ғана соттаған іс ретінде тарихта қалады», — деп есептейді Базарбек.

Ол өзінің Мамайдың жақтасы емес екендігін тағы да қайталап айтты.

«Мен саясаткер емеспін, мен заңгермін, жер құқығы саласындағы сарапшымын және «біреулердің» іс-әрекетін тек нақты құжаттар арқылы ғана бағалаймын. Ал құжаттар дегеніміз — бұл нақты жер телімдеріне берілген жер-кадастрлық ісінің және жерді орналастыру өндірісінің материалдары, олардың жай-күйін білдіретін немесе айтатын тілі жоқ. Бірақ мұқият зерттей келе, болып жатқан сұмдық былықты және осы құжатқа қол қойғандардың жазасыз жүргенін түсінесің. «Бармақ басты, көз қыстының» заманында және Жоғарғы Соттың сот жүйесін өзгерту туралы «ертегісін» тыңдап, соттың әділ шешіміне тек былық-шылықтың бетін ашып, жаһанға жар салғанда және медиакеңістікте қоғамдық пікір қалыптастырғанда ғана қол жеткізуге болады», — деп атап айтты заңгер.

Оның ойынша, «қоғамдық пікір қалыптаспай, әділ сот шешімі болмақ емес».

«Міне, Қазақстандағы сот реформасының нәтижесі мен әділдікке қол жеткізудің формуласы осындай. Мұндай жүгенсіздіктің жақында жойыллатындығы қуантады. Жер қатынастарын цифрландыру аясында Жылжымайтын мүліктің бірегей мемлекеттік кадастрының базасын жасап жатырмыз және барлық жер-кадастрлық істер цифрландырылады, жер телімдерін берудің барлық тәртібі электрондық нұсқаға көшеді, өңірлердегі барлық жер комиссияларын таратамыз, меншік иелері мен жер пайдаланушылар туралы жер кадастрындағы мәліметтердің барлығы ашық болады. Әкімдіктердегі жең ұшынан жалғасқан сыбайлас шенеуніктер цифрландыруды енгізудің соңғы сәтіне дейін «өз істерін істеп қалуға» тырысады деп ойлаймын. Қазір түнекте отырғанмен, көкжиектен рауандап таң атып келеді! Жарқырап күн шыққанда, елдегі шектен шыққан заңсыздықты жасағандардың жазасын алатын сәт те туады. Ең бастысы, біздің мүмкіндігіміз мол және ерік-жігеріміз мықты. Барлығы енді ғана басталып келеді», — деп ескертті Базарбек.

ҚазТАГ ХАА редакциясы Nur Otan партиясының пікірін де білмек болды.

Бұған дейін Байбектің мүдлесін қорғап жүрген адвокат Айжан Ташенова ар-намыс пен іскерлік беделін қорғау бойынша Мамай мен Иманбайдың үстінен Алматы қаласындағы Әуезов ауданының №2 қалалық сотына талап арыз түсіргендігі туралы хабарлаған еді. Оған Алматы қаласының экс-әкімінің атына қойылған кінәлар себеп болды. Иманбай өлсе де, айтқан сөздерінен бас тартпайтынын жеткізді. Сондай-ақ Мамай мен Иманбай сот процесіне Байбектің өзінің қатысуын талап еткен болатын. 3 маусым күні Мамай экс-әкімнің әпкесі Айгүл Байбектің бір фильмді түсіргені үшін жалпы сомасы 425 млн теңгені құрайтын екі мемлекеттік келісімшартты алғанын хабарлады. 15 маусымда сот Байбектің Мамайға талап арызын қанағаттандырды. Сот шешімі туралы пікір білдірген адвокат Ғалым Нұрпейісов сот процесінде жауапкерлердің қорғану құқығының бұзылғанын айтты. Ол шешімнің тез арада қабылдануы сыбайлас жемқорлық туралы ақпараттардың таралуын қысқарту мақсатында жүзеге асырылды деп есептейді.