«Күнде санақ жүргізіледі»: Алматыда «Барахолканың» саудагерлерін вакцина алуға мәжбүрлеп жатыр

0
534

Алматының “Барахолка” аталып кеткен базарының сатушылары сауда орнының басшылары екпе алмағандардың сауда нүктелерін жабамыз деп қорқытып жатыр деген ақпарат тараған. Тіпті вакцина алған-алмағандардың санағы жүргізіліп жатқан көрінеді, деп хабарлайды Информбюро.

«Екпе ерікті. Егер ол мәжбүрлі жүргізілсе, біз алдын-ала қанша адамның вакцина алатынын біліп отырушы едік. Қазір барлығы да азаматтардың саналы түрде түсінуіне және түсіндірме жұмыстарының жөнді жүргізілуіне байланысты», – дейді министр Алексей Цой.

Алайда осылай десе де мәжбүрлеп жатқандар жоқ емес екен.

Алматының атақты Барахолка базарындағы саудагерлердің кейбірі екпенің екі дозасын да өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін алдық десе, кейбірі салдырған вакцинаның атауын естеріне түсіре де алмады.

Ал вакцина салдырмаймын деп кесіп айтатындарға базар әкімшілері келіп сауда нүктелеріңізді жабамыз деп қайта-қайта ескертіп кетеді екен. Көпшіліктің сөзінше, ерікті вакцинаны кімнің алған-алмағанына қатысты санақ күнделікті жүргізілетін болыпты.

Базар әкімшісі, екпе алмағандардың сауда орындарын жаппаймыз,тек түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз дейді. Айтуынша, былтыр ковидпен саудагердің 70 пайызы ауырып шыққан. Әзірге барахолканың «Ақ бұлақ» базарындағы сатушылардың 60 пайызы вакцина салдырыпты.

“Көпшілік болғаннан кейін бір-бірінен естіп, қорыққандарынан солай айтып жүрген шығар. Біздің ешқандай құқығымыз жоқ оларды жабуға”, – «Ақ бұлақ» базарының әкімшісі Сапарғали Сүлей.

Цой ендігі үміт тек түсіндіру жұмыстарында дейді. Өйткені, саудагерлердің екпе алғысы келмейтіне түрлі қауесет себеп дейді базар әкімшісі. Ал сатушылар вакцинаға күмәнмен қарайтындықтарын еш жасырмайды.