Бауыржан Момышұлы мен Жұмабек Тәшеновтің кездесуі

0
1714

Телефон сыңғыр ете қалды. Мен алдым. «Тәшенов жолдас, сізді сағат 12-де қабылдамақ». Жоғарғы Советтің президумының председателі Ж. Тәшеновты естігенім болмаса, көрген кісі емес.

Верховный советке бардым. Тап мені күтіп отырғандай-ақ, помощнигі алдымнан шығып, ізетпен кезексіз мені тіптен-тіке председательге ендірді. Кең кабинеттің төрінен алдымнан орта бойлы, тығыншық сары жігіт орнынан тұрып, жеңіл адыммен алдымнан шықты.

Амандастық. «Тақтың» алдындағы столға қарама-қарсы отырдық.

– Бауке, халіңіз қалай? – деген сұрақтардан сөзін бастады председатель.
Мен жауап қаттым.
– Денсаулық қалай?
– Онша мақтанарлық емес… – деп бастай бергенімде ол столдағы бір седеп түймені басты. Помощнигі жетіп келді.
– Немедленно позвоните Ерастову. Чтоб он прикрепил полковника к больнице Совета Министров…
– На Ерастова не жалуюсь…
– Если нужно, пусть его положать в больницу в правительственную палату. Идите.
Помощнигі кетті.
Мен не айтарымды білместен, сасқалақтап:
– Благодарю вас, – деппін.
– Сіз арақ ішесіз бе?
– Ішемін.
– Сізге пиво да ішуге болмайды. Темекі тартасыз ба?
– Тартамын.
– Көп тартасыз ба?
– Көп тартамын.
– Оныңызды қойыңыз. Сіз бізге өте керек адамсыз. Не істеп жүрсіз?
– Жазып жүрмін.
– Не жазып жүрсіз?
– Көрген-білгендер мен өткен-кеткендер. Менің темаларым…
– Ол өте дұрыс екен. Ол да бізге өте керек, – деп бастырмалатып сөзімді аяқтатпады.

Е, бұл кісі асығып отыр екен ғой» деген оймен тілімді тарттым.
Председатель маған Рахымжан Қошқарбаевтың арызын көрсетті.
– Мен сізбен осы жағынан ақылдасайын деп шақырып едім, – деді мен оқып шыққан соң.
– Его лично заявление не служить основанием..
– Қазақша сөйлеңіз.
– Архивтан дәлелдейтін материалдар керек. Оларсыз киліксеңіз, ұялып қалуыңыз мүмкін.
– Бұныңыз өте дұрыс ақыл. Оны қалай табамыз?
– Іздеу керек.
– Сіз іздесеңіз қайтеді?
– Іздейін.
– Қаражатты мен бергізейін.
– Жоқ. Мен қаражат алмаймын.
– Бұныңыз не?
– Таба алмасам ше?
– Жоқ. Сіз табасыз. Сіз таппағанда кім таппақ оны?
– Мен іздестірейін. Тапсам дұрыс, таппасам ешқандай міндеттемені мойныма алғым келмейді.
– Келістік. Сіз іздестіресіз, сіз табасыз.
– Жарайды. Бірақ та мен ақшадан аулақпын.
– Жарайды. Ал енді сіз туралы да көп хаттар бар. Сізді неге Герой Советского Союза емес деп хат жазады менің атыма…
– Это компентенция правительства.
– Мен – үкімет бастығымын.
– Вы всего лишь председатель президума Верховного Совета Республики.
– Я – заместитель Ворошилова.
– Оны мен білемін.
– Сіз менің атыма арыз, өмірбаяныңызды толық етіп жазыңыз. Барлық көрсеткен ерліктеріңізді жазыңыз. Мен ол мәселені Ворошиловтың алдында көтеремін.
– Жоқ. Мен еш нәрсе жазбаймын. Мен туралы жазылғандар аз емес.
– Онда соларды қарастыралық. Оларды қайдан табуға болады?
– Мен ол жағын білмеймін.
Тағы біраз сөйлестік.

Момышұлы Б. Айтылмаған ақиқат. – Алматы: Өнер, 2010. – 98-101-бб.