Бір шенеунік Мәжіліс сайлауына қатысудан бас тартты

0
260

Қазақстанның халық партиясы атынан ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына кандидаттардың бірі партиялық тізімнен өз кандидатурасын қайтарып алды, – деп жазды ҚазАқпарат.

«Басында Қазақстанның халық партиясы 114 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынды. Кейін Орталық сайлау комиссиясына Ғ.Қайыржановтан өз кандидатурасын партиялық тізімнен шығару туралы өтініш келіп түсті. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңның 90-бабына сәйкес партиялық тізімге енгізілген адам Орталық сайлау комиссиясына бұл туралы жазбаша өтініш бере отырып, өзінің кандидатурасын партиялық тізімнен кері қайтарып ала алады», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов бүгін комиссия отырысында.

Оның айтуынша, мұндай жағдайларда Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімге енгізілген адамды шығарып тастау туралы шешім қабылдайды.

Осыдан кейін ҚР ОСК мүшелері Ғ.Қайыржановты партиялық тізімнен шығару туралы арнаулы қаулы қабылдады. Осылайша, ҚР ОСК Қазақстанның халық партиясының 113 адамнан тұратын партиялық тізімін тіркеді.