Батыс Қазақстанда көлік қағып өлтірген жылқылардың иесі жазаланады
Қысқа сілтеме алу
Батыс Қазақстан облысында минивэн алты жылқыны қағып кетті
АСТАНА, 21 қараша — Sputnik. Полиция Орал-Ақсай тас жолында жол апатынан зардап шеккен және өлген жылқылардың иесін әкімшілік жауапкершілікке тартпақ.
Бұл туралы «Мой город» порталы БҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға куәгерлерінің сөзіне сүйенсек, кеш қарайған уақытта бір табын жылқы Солянка және Долинное ауылдарының арасындағы жолды кесіп өтіп бара жатады. Қалааралық такси — «Фольксваген Шаран» көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жылқыларды бір-ақ қағады, олардың бесеуі оқиға орнында өлген.
«Көз алдымызда болды. Алдымызда екі көлік келе жатқан. Табын жолдан өте бастап еді, көлік оларды бір-ақ қақты. Қатты қорықтық», — дейді оқиға куәгері.
Жүргізуші мен жолаушылар зардап шекпепті. Денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, таксидің бүкіл жолаушысын дәрігерлер қарап шықты, олар ауруханаға жатудан бас тартқан.
Полиция жылқының иесін іздеп жатыр. Құқық қорғаушылар еске сала өткендей, заң бойынша мал иесі түнде жануарларды қораға қамап ұстап, жолға шығып кетпеуін қадағалауы тиіс.
Полиция атап өткендей, мал иесі әкімшілік жауапқа тартылады.