«Басы ауған жаққа кетіп қалады, адамдарға жоламайды»: Жоғары сынып оқушылары зорлаған баланың анасы көмек сұрайды – Қазақстан жаңалықтары

0
105

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы мектеп оқушыларының хайуандық әрекетінен зардап шеккен 13 жасар Айбектің қазір жағдайы қалай? Тергеу амалдарының қорытындысы қандай болды? Ағайынды екеудің зорлығынан кейін өз мектебіне қайта баруы мұңға айналған жеткіншекті жаңа мектепке ауыстырды ма? Stan.kz ақпарат агенттігі зорлық көрген жеткіншектің анасы Алтынкүл Араповаға хабарласып мән-жайды білді.

Азғындықтан араша іздеп, Алматыға келген Алтынкүл Арапова іске қатысты:

«Балам әлі мектепке барған жоқ. Қайда берерімді білмеймін», – дейді.

Сот шешіміне көңілі толмайтынын және әділетсіздік орын алғанын жасырмай айтқан Алтынкүл ендігі баласының жағдайына алаңдаулы.

«Сотта әділдік болмады. Кінәлі тарап ақша беріп ақтап алды. Әкімшілік, мектеп, сот барлығы жиналып, істі ақшамен жапты», – дейді баласының басынан өткен жағдайдан қан жұтқан ана.

Соттың жұмсақ жаза беруінің себебі туралы ол: «Айыптау дәлелсіз деп таныды. Ол негізсіз. Зорлық болған. Менің балам әлі күнге дейін өзіне келе алмай жүр. Басы ауған жаққа кетіп қалады. Адамдарға жоламайды, қашып жүреді», – дейді.

Кінәлі тарап моральді зиян келтірген үшін 3 млн төлегенін Арапова жоққа шығарып, бір тиын да алмағанын айтады.

«Баламның денсаулығына, моральды зиян келтіргеніне деп ақша берген жоқ. Барлық жерде тарап жүрген 3 млн теңге берді деген жалған ақпарат. Оның бәрі өтірік. Ешқандай ақша берген жоқ. Мен ешқандай 3 млн алған жоқпын. Бос сөз», – деп жайып салды.

Баласының сол оқиғадан кейін өзіне келе алмай жүргенін айтқан ана жаңа оқу жылында ол мектепке қайта барғысы келмейтінін айтқан.

Ал сот отырысында Алтынкүлдің сөзін сөйлеп, арын қорғаған қорғаушы айтқан сөзінде тұрмады деп ашынып отыр. Жаңа мектепке орналастырамын, психологқа көрсетемін дегені жай құрғақ сөз болып шыққан.

«Айман Омарова барлығын істеп беремін деген еді. Ештеңе істеген жоқ. Баламен де жұмыс істеген жоқ. Адвокатым жанкүйдіріп мені жақтаған жоқ деп ойламын. Ол да мені алдап, лақтырып кетті. Оның да аузын майлаған болу керек. Әділ адвокат шығар деп ойлаған едім», – деген Алтынкүл қазір бәрін тек ақшамен шешуге болатынын, әділдік жоқ екен айтады.

«Ақшаң болмаса, сенің сөзіңді ешкім сөйлемеді. Ал біздің ақшамыз жоқ. Ешқайда бара алмай отырмыз. Ақшаның жоқтығы қолбайлау болып тұр» деген Алтынкүл апай барлық жаны жомарт адамдардан көмек қолын созуды сұрайды.

«Ауылдағыларың бәрі әртүрлі сөздер айтады. Айтса айта берсін.
Әділдік, ақиқат жоқ. Шындық жоқ дегенім келеді. Кімнің ақшасы болса сол талтаңдап жүреді», – деді ашынған ана.

Ал ұлына бір жарым жыл зорлық көрсетіп келген екі жігіт те бір ауылда тұратынын айтады.

«Бір ауылда тұрамыз. Әке-шешесін, отбасын жақсы танимыз. Бір ауылда тұрып, сондай іске баруға ұялмай ма? Ақшасы жоқ, ештеңе істей алмайды деп басынып отыр», – дейді ішін ашу-ыза кернеген ана.

Естеріңізге сала кетсек, Түркістан облысындағы интернаттардың бірінде орын алған жағдай туралы былтыр қазан айында белгілі болған еді.

stan.kz