«Басты мақсатымыз – Киевті алу»: Желіде Киев маңындағы соғыс аймағында жүрген Рамзан Қадыровтың видеосы таралды
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың Украинадағы соғыс аймағында жүрген видеосы желіде тарап кетті. Видеоны «Грозный» мен RT телеарнасы кеше, 13 наурызда жариялады, деп хабарлайды kznews.kz сайты stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Видеода сарбаздар Шешенстан басшысына соғыс әрекеттерінің барысы, сондай-ақ шабуыл туралы егжей-тегжейлі баяндайды.
«Сіз бізге айтқан стратегия 100 пайызға орындалды», – дейді қауіпсіздік күштерінің бірі.
Ол жауынгерлер тұрған жерден Киевке дейін жеті шақырым екенін айтады.
Сондай-ақ видеода Қадыровтың:
«Біздің басты мақсатымыз – Киевті алу» дегені естіледі.
Видеода Қадыровтың Украинада екендігі айтылмайды. Украинадағы бөлімшелерді басқаратын қауіпсіздік күштерімен кездесетіні тікелей түсіндірілмейді, түсірілім орны атылмайды.
Украиналық БАҚ барлау қызметіне сілтеме жасап, видео Украина аумағында түсірілгенін хабарлады.
Қадыровтың Киевте екендігі туралы ақпарат пайда болғаннан кейін, Владимир Зеленский Кеңсесі Басшысының кеңесшісі Алексей Арестович егер бұл рас болса, «Украина Қарулы Күштері оны жояды» деді.
Шешенстан басшысының өзі бұл мәлімдемеге Telegram каналында жауап берген:
«Неге «егер» дейсің? Видеоны көрген жоқсың ба әлде мен есіктеріңе қағып кіруім керек пе?» – деп жазды Қадыров.
Осыдан соң Қадыров желіде таратылған видеода Киев маңындағы елді мекенде екенін түсіндіреді.
«Келесі күні біз шамамен 20 шақырым жерде болдық. Ал қазіргі уақытта одан да жақындадық. Қаншалықты жақындай түскенімізді болжап көріңдер» – деп жазды Шешенстан басшысы.