Басты бағдар – баспана
Осыған орай бүгінде Ақтөбе аймағында нақты іс-шаралар кешені белгіленді. Бұл істің ұйтқысы Ақтөбе қаласының әкімдігі мен Ақтөбе облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы болып отыр. Бұл бағытта олар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-тың филиалымен тізе қосып, қоян-қолтық қызмет жасау жоспарын белгілеп, оны іске асыруға кірісті.
− Мұндағы басты мақсат – жастар мен жас отбасылардың тұрғын үймен қамтылуына қолдау көрсету. Соның ішінде тұрақты үй-жайға қол жеткізе алмай жүрген жас отбасылар мен жастарға көмек беру. Бұл жөнінде өңірде арнайы бағдарлама жасақталды, − деді басқарма басшысы Нұрлан Күнтуов. Жастар жетекшісінің айтуынша, бірегей бағдарлама 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға шапағатын тигізе алады. Әрине бұл құжаттың өзіне тән сипаттары мен талаптары да жоқ емес. Соған сәйкес бағдарлама шеңберінде баспанаға ие болуға тілек білдірген жастың соңғы бес жылда өз атында жеке иелігіндегі үйі болмау керек. Әйтсе де, жастар Ақтөбе қаласында тұрақты тіркелуі қажет. Тағы бір критерий − жастардың төлем қабілеті мен аталған банкте есепшотының болуы. Бүгінде осындай шарттар мен талаптарды өзек еткен ресми хат мүдделі ұйымдар тарапынан облыстағы барлық басқарма мен департамент басшыларының атына жолданған. Осы арқылы мемлекеттік мекемелердің жастарды тұрғын үймен қамту жөніндегі арнайы бағдарламаға қатысуына ықпал ету тетіктері қарастырылған.
Бұдан кейінгі кезекте банк қызметкерлері үміткерлер жөніндегі деректер мен мәліметтерді саралап, тиісті шешім қабылдамақ. Ақтөбе облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуовтің мәлімдеуінше бағдарлама ауқымы биылғы Жастар жылымен ғана шектелмейді. Бұдан кейінгі кезеңде де бұл іс-шара ықпал ету тетігін жалғастыра бермек. Тек бір ескерер жайт, оның бірінші кезеңінде жастар үшін 15 пәтер жасақтауды жоспарлаған. Екіншіден, оны биыл аталып өтетін Ақтөбе қаласының 150 жылдығы құрметіне орайластырғанды жөн санайды.
Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасының тиімділігі туралы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Рауан Баяш айтып берді. Оның айтуынша, аумағы 40 шаршы метр пәтерді иеленгісі келетін жастардың есепшотында небәрі 350 мың теңге болса жеткілікті. Тиісінше бұл көлем 55 шаршы метр болатын болса, есепшоттағы сома 450 мың теңге болса жетіп жатыр. Бұл ретте ай сайынғы төлемақы 35 мың теңге тұратыны да жастар үшін тиімді екені анық. Арнайы бағдарлама шеңберінде ұсынылатын пәтерлер облыс орталығындағы «НұрАқтөбе» тұрғын-үй кешенінде орналасқан.
Жастарға арналған үй-жай мәселелерін реттеуде ілкімділік танытып отырған ақтөбелік жастар ұйымының бастамасы барлық өңірге үлгі болса игі.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Egemen Qazaqstan»
АҚТӨБЕ
Дереккөз: http://egemen.kz/