Тәжікстанда ерлі-зайыптылардың ажырасу себебі анықталды

0

Астана. 29 қаңтар. KAZISLAM – Тәжікстан халқының үштен бірінен аса бөлігі ерінің немесе әйелінің әлеуметтік желілерде уақыт өткізетініне риза емес. Республиканың Жастар ісі жөніндегі комитеті екі мыңнан аса адамға сауалнама жүргізу нәтижесін жариялады, деп хабарлайды «Озоди» порталы.

Сауалнамаға қатысушылардың  29%-ы отбасылық мәселелер мен ажырасудың басты себебінің бірі осы әлеуметтік желілерден туындап отыр деп санайды.

Зерттеу нәтижелеріне орай өткізілген баспасөз конференциясында тәжік имамдары көптеген отбасының күйеуінің немесе әйелінің әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде көп уақыт өткізетінін айтып шағымданатынын жеткізді.

Тәжікстан Ислам орталығының Ғалымдар кеңесінің басшысы Саидмукаррам Абдулкодирзодының айтуынша, ерлі-зайыптылар отбасы бақыты және балалар үшін бір-бірін кешіре білуі, тіптен өзге біреумен сөйлескен жағдайда да кешірім жасауы қажет. Ол шетелдік зерттеулерді алға тарта отырып, отбасы бақытының кілті 90% жағдайда бір-бірін түсіну, кешіре білуде екенін, тек 10%-ы ғана сыртқы факторларға қатысты болатынын айтты.

Еске салсақ, ресми деректер бойынша Тәжікстанда 2018 жылы 71 мың неке тіркелген, оның 10 мыңға жуығы ажырасқан. Ажырасудың өзге де себептері қатарында ерте үйлену және ер азаматтың шетелге жұмыс іздеп кетуі де бар екен.








Дереккөз: http://kazislam.kz/