Баспананың бірыңғай базасы | «Айқын» газеті

0

Ел Үкіметі мемлекеттік қызмет көр­сетудің 9 кезеңнен тұратын бюро­кра­тиялық жүйесін қысқартыпты. Бұл туралы Мәжілісте өткен «Үкімет са­ғатында» мәлім болды. Жиында Әділет министрі Марат Бекетаев депутаттарға жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласын жетілдіру бағытындағы жаңа қадамдар мен жұмыс қорытын­дылары туралы баяндады.

Іс-шараны жүргізген Мәжіліс вице-спикері В.Божконың бай­ла­мынша, Қазақстан «жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу саласын­дағы құқық­тық қатынастарды заң­намалық түрде реттеген бұрынғы кеңестік елдер арасындағы алғашқы мемлекет болды».
– 2018 жылғы 24 мамырдағы заңға сәйкес, жылжымайтын мүлікті тіркеу функциясы Әділет министрлігінен «Азаматтарға арналған Үкімет» мемле­кеттік корпорациясына көшті. Елба­сының «Қазақстандықтардың әл-ауқа­тының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауы бойынша жер қоры мен жылжымайтын мүлік объектілерінің бірыңғай базасы құрылды. Жалпы, мүлікті тіркемеу немесе дер кезінде тіркеп үлгермеу меншікті жоғалтуға соқтырады. Бұл ретте мүлікті жалған құжаттар бойынша тіркейтін сот тәжірибесі орын алуда. Бұған блокчейн технологияларын тездетіп енгізу арқылы тоспа құруға болар еді, – деді Владимир Божко.
Ол жерге қатысты алаяқтықпен күрес мақсатында Үндістанның блок­чейн жүйесін қолдануға кіріскенін үлгіге келтірді. Дәл осылай Швеция, Украина және басқа да елдер оны енгізуді жоспарлап отыр.
Өз кезегінде Әділет министрі Марат Бекетаев жылжымайтын мүлікке құ­қық­тарды мемлекеттік тіркеу функ­ция­сын өз ведомствосының 2007 жылдан бастап жүргізіп келе жатқанын еске салды.
– Жылжымайтын мүлікке құқық­тарды мемлекеттік тіркеу саласы жаңа тенденциялар және халықаралық тә­жірибе негізінде жүйелі түрде жаңар­тылады. Жыл сайын елімізде орташа алғанда жылжымайтын мүлікке 1 мил­лион 700 мыңнан астам құқықтар тіркеледі. Сондай-ақ он миллионнан астам электронды форматта анықта­малар беріледі. Бұл көрсеткіштер жыл сайын өсуде, – деді министр.
Ол осы салада қандай нәтижелерге қол жеткізілгенін мәлім етті. Мәселен, тіркеу мерзімдері 15 күннен 3 күнге дейін қысқартылды. Қазір жылжы­май­тын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу үшін екі құжатты – құқық белгі­лейтін құжат пен төлеу туралы түбіртекті ғана ұсынса, жеткілікті. Техникалық паспортты беру талабы алып тасталды.
2015 жылдан бастап нотариустар куәландырған барлық мәмілелерге құ­қықтарды электрондық тіркеу енгізілді. Бұл мәмілелер бір күн ішінде тіркеледі.
Құқықтық кадастрдағы анықтамалар түріндегі барлық ақпараттық қызметтер электрондық форматқа ауыстырылды. Бұл «Электрондық Үкімет» порталын­дағы ең көп сұранысқа ие екінші қызмет болып отыр: күн сайын 30 мыңнан астам ақпараттық анықтамалар беріледі.
Әділет министрі салада ірі үш проблема болғанын жеткізді:
– Мемлекеттік қызмет көрсетудің бизнес процесінде көпдеңгейлі жүйе жұмыс істеді. Ол 9 кезеңнен тұратын. Бірінші кезеңде ХҚКО қызметкері азаматтан құжаттар қабылдайды. Ары қарай құжаттарды жинақтаушы бөлімге тапсырады. Өз кезегінде жинақтаушы бөлім күніне екі рет құжаттарды курьер арқылы әділет органдарына жіберетін. Келіп түскен құжаттар әділет орган­дарындағы тіркеушілер арасында бөлінеді, – деді М.Бекетаев.
Осы орайда архив қызметкері тіркеу ісін архивтен іздеп тауып, оны тір­кеушіге береді. Одан кейін тіркеуші мәліметтерді деректер базасына енгізе отырып, құқық белгілейтін құжаттарға сараптама жүргізеді. Содан соң Әділет аумақтық органының басшысы қоры­тындыға тексеру жүргізіп, келісуді жү­зеге асыратын да, құжатқа үш тұлға – атқарушы, бөлім бастығы және бас­шының орынбасары қол қоятын. Одан ары дайын құжаттар қайтадан курьер арқылы күніне екі рет ХҚКО-ға (қазір «Азаматтарға арналған үкімет» филиа­лы) жіберілетін. Ал ақырғы кезеңде осы құжаттар қызметі тұты­нушыға, азаматтарға беріледі.
Министр тағы бір проблема «тір­кеушілердің жалақысының аздығына» қатысты болғанын да алға тартты.
– Жылжымайтын мүлік құқығын тіркеу функцияларын штаттан тыс қызметкерлер жүзеге асырды. Респуб­лика бойынша шамамен 700 тіркеуші болды. Олардың жалақысы 50 мың теңгеден аспайтын. Жалақының тө­мен­дігі салдарынан, кадрлардың тұ­рақ­сыздығы мен тіркеуші мамандардың тапшылығы байқалды. Үшінші проб­лема – құқықтық кадастрдың ақпа­рат­тық жүйесін жаңартуға және дамы­туға қаражаттың жетіспеушілігі болды. Со­ның кесірінен ақпараттық жүйе жұмы­сында техникалық істен шығулар туын­дап тұрды. Мысалға, 2017 жылдың ақ­па­нында сұрау салу санының 4 есе ар­туына байланысты негізгі және резерв­тік сервер істен шықты, – дейді М.Бекетаев.
Осы айтылған түйінді мәселелерді шешу үшін Әділет министрлігі, Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп, 2017 жылдың наурызында жылжымайтын мүлік құқықтарын тіркеу функцияларын әділет орган­дарынан алып, мемлекеттік корпора­цияға беру бойынша пилоттық жобаны қолға алған. Ол оң нәтиже көрсеткен­діктен, мамыр айында аталған функ­циялар заң жүзінде мемлекеттік кор­порацияға тапсырылды. Құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесі де со­ның сенімгерлік басқаруына беріліп отыр.
– Бұл қадам әлгінде айтылған проб­лемаларды қалай шешеді? Енді құ­жат­тарды қабылдау және беру «Аза­маттарға арналған Үкімет» мемкор­порация­сының фронт-офисінде, ал тіркеу бэк-офисінде жүзеге асырылады. Яғни, бұ­рынғыдай курьерлер құжат­тарды еш­қайда тасымалдамайды. Қаржы, ең­бек және уақыт шығындары қысқарды. Құ­жаттарды құқықтық тал­даумен, мә­ліметтерді деректер базасына енгізумен әділет органдарынан ауысқан білікті ма­мандар айналысуда. Олардың жала­қысы 100 мың теңгеге дейін ұлғайды, – деді Әділет ведом­ствосының басшысы.
Ол жылжымайтын мүлікті мем­лекеттік тіркеу үшін алым алу жойыл­ғанын айтады: жыл сайын тек осыдан жергілікті бюджеттерге 3 миллиард теңге түсетін. Рас, ол алым мемлекеттік корпорацияның есепшотына түсетін төлеммен алмастырылған. Осы қаражат ақпараттық жүйелерді дамытуға, жаңа жабдықтар сатып алуға және мемкор­порация қызметкерлері жалақысын арттыруға бағытталады.
Министр алда азаматтарға баспа­наны уақытында тіркемегені үшін әкімшілік жаза алып тасталатынын хабарлады.
– Бұл норма 2007 жылы салықтық әкімшілендіру және халықты жыл­жы­майтын мүлікке өз құқықтарын тіркеуге мәжбүрлеу мақсатында енгізілді. Алайда соңғы жылдары осы құрам бойынша аз ғана әкімшілік іс қозғалғаны байқалады. Сондықтан жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу мерзімін өткізіп алғаны үшін әкімшілік жауаптылықты алып тастау туралы мәселені қарау ұсынылады, – деді Марат Бекетаев.
Үкімет сағатының қорытындысында депутаттар айтқан ескертпелер мен ұсы­ныстар негізінде Үкіметке және мүдделі меморгандарға ұсыныстар түзілді.

Айхан ШӘРІП

Дереккөз: Айқын