Әлеуметтік желілерді бақылау адам құқығын шектемейді

0

Әлеуметтік желілерді бақылау адам құқығын шектемейді.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстанның әлеуметтік желілерге бақылау жүргізуге қатысты Ресейдің «Квант» ғылыми-зерттеу институтымен арадағы байланысына қатысты пікір білдірді.

Министр мырза журналистердің: «Әлеуметтік желілерді бақылау адам құқығын, азаматтардың ақпарат алу құқығын шектемей ме?» деген сұрағына: «Шектемейді, аңду, бақылау болмайды» — деп қысқа ғана жауап қатты.

Бұдан бөлек ол қазақстандық БАҚ-та қызу талқыланған Ресейдің «Квант» ғылыми-зерттеу институтына Қазақстан билігінің әлеуметтік желілерді бақылайтын құрылғыларға тапсырыс бергендігі жөніндегі ақпаратқа жауап берді. Бірақ бұл жерде де Абаев мырза қысқа да нұсқа жауап берді. Ол өз сөзінде «Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ресейліктермен ешқандай байланыс орнатпағандығын» айтып, жалпы, әлеуметтік желілерді бақылау халықтың наразылық көңіл күйін анықтау үшін емес, заңға қайшы материалдардың жарияланып кетпеуін қадағалау үшін қажет екендігін жеткізді.

Естеріңізге салайық, өткен аптада «Digital Revolution» тобының хакерлері Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметіне тиесілі «Квант» ғылыми-зерттеулер институтының компьютерлер жүйесін бұзғандығын мәлімдеген. Олар таратқан құжатта аталған жүйе негізінен әлеуметтік желілердегі наразы топты анықтаумен айналысатындығы көрсетілген. «Digital Revolution» өкілдері ресейлік бақылау жүйесіне Қазақстанның да тапсырыс бергендігін атап өткен. BBC ақпарат агенттігінің мәліметінше, Қазақстанның ақпарат және коммуникациялар министрлігі аталмыш жүйені сатып алуға 4,3 млн доллар қаржы бөлген.

«The Qazaq Times»