«Баспана беріп, жәрдемақыны көтерсін»: Ақтөбе облысында көп балалы аналар шу шығарды

0

Ақтөбе облысындағы көп балалы аналар әкімдік алдында шу шығарды. Олар аймақ басшысы Оңдасын Оразалинмен кездесуді талап етті. Әкімнің кабинетіне баса көктеп кірмек болған еді, тәртіп сақшылары жолын бөгеді, деп хабарлайды «КТК» арнасы.

Әкімдікке келген әйелдер қымбатшылықтың кесерінен қиналып жүргенін айтады. Азық-түлік бағасының күн санап өсіп бара жатқанына күйінеді. Сондықтан облыс әкімінен бағаны тұрақтандыруға неліктен әлі келмей отырғанын сұрамақ болған. Бірақ Оңдасын Оразалин кездесуге шықпады. Оның кабинетіне кіріп бармақ болғандарға полиция қызметкерлері  бөгет болды.

Жиналғандар көп балалы аналардың баспана мәселесін шешіп, әр балаға 42 500 теңгедеден жәрдемақы тағайындауды сұрайды. Қазір әлеуметтік көмекті ала алмай отырғандарын айтып күйінді.

«Аналар тығырыққа тірелді. Далада қаңғып жүр. Әлі жетерлік ондай аналарға. Мысалы, баспана мәселесіне келсек. 42 500 теңге бала басына жәрдемақы төленсе дейміз. Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) бізге жарамайды», — деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Зина Сұлтанова.

«Жағдайы төмен адамдардың жәрдемақысын көтеріп, пәтер берсін. Иә, берсін. Тегін берсін деп жатқан жоқпыз. Тым болмағанда, жалға болса да берсін», — деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Анаргүл Мұхитова.

Оңдасын Оразалин өзінің орнына орынбасары мен басқарма басшыларын жұмсаған. Олар көп балалы аналармен жеке-жеке кездесіп, шағымдарын жазып алды. «Бірақ тегін таратын үйіміз жоқ» деп ашық айтты.

«Сұрақтарына тиісті жауабын алады. Ол деген бұған дейін келген шығар. Сондықтан тиісті жауабын алады. Шешілетіні шешіледі, шешілмейтінін шешілмейді деп айтамыз. Ол заң аясында болады. Қазір тұрғын үйді алып бере салмайды ғой», — деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбетов.

Соңғы бір жылда көп балалы аналар облыс әкімімен осылай бес рет кездеспек болған. Бірақ ешқайсысында Оңдасын Оразалин олардың жанайқайын тыңдауға шықпады. Бұл жолы да мәслихат сессиясында отырмын деп сәлемдеме жолдаған.