Бас санитар Қытайдан келген 35 адамның бақылауға алынғанын мәлімдеді
Қысқа сілтеме алу
Алтыншы қаңтардан бері Қытай шекарасы арқылы Қазақстанға 12 610 адам келді, 12 365 — Қазақстан азаматы, қалғаны шетелдіктер
НҰР-СҰЛТАН, 29 қаңтар – Sputnik. Қазақстанның бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Қытайдан келген 35 қазақстандықтың бақылауға алынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Қазіргі кезде 35 адам бөлек боксқа жатқызылды. Олардың ішінде 22 адамда өткір респираторлық вирусты инфекция анықталса, төртеуінде — тұмау, біреуінде тұмау мен паратұмау, яғни аралас инфекция бар болып шықты», — деді Бекшин арнайы баспасөз мәслихатында.
Осылайша, 27 пациентте маусымдық инфекциялар анықталып отыр.
«Ал қалған 8 адам және ауруханаға жатқызылған басқа да азаматтардан сынама алынып, Алматыдағы Әйтімбаев атындағы ерекше қаупі бар инфекциялар ұлттық ғылыми-зерттеу орталығында қосымша тест бақылауға жіберілді. Орталықта жаңа коронавирусты анықтау диагностикасы бар», — деді Бекшин.
Оның айтуынша, 6 қаңтардан бері Қытай шекарасы арқылы Қазақстанға 12 610 адам келді. Олардың ішінде 12 365 адам — Қазақстан азаматы, қалған 245-і — шетелдіктер.
«Осы уақытқа дейін медициналық ұйымдар Қытайдан келген қазақстандықтардың 50 процентімен, яғни 6 449 адаммен байланыс орнатып, хал-жағдайын сұрады. Біз қалған азаматтармен хабарласып жатырмыз. Негізгі мақсат — бәрін тіркеуге алу», — деп атап көрсетті Бекшин.
Тағы оқыңыз: Қазақстан Қытаймен жолаушылар тасымалының барлық түрін тоқтатты
sputniknews.kz