Бас прокуратура: Ағаділ денесіндегі «дақтар»

0

28 ақпанда түстен кейін бас прокуратура Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған белсенді Дулат Ағаділдің денесіндегі «азаптау іздері» туралы ақпаратқа түсініктеме берді. 28 ақпанға қараған түні әлеуметтік желіде марқұмның денесіндегі «жарақат» туралы видео тараған еді. Кейбір белсенділер мен құқық қорғаушылар оны «изоляторда ұрып-соққан болуы мүмкін» деп мәлімдеп, биліктен түсіндіруді талап еткен еді.

Бас прокурордың орынбасары Елдос Келімжанов «Ағаділді тергеу изоляторында азаптаған» деген ақпаратты жоққа шығарып, Ағаділ денесіндегі «дақтарды» биологиялық өлім белгілері деп атады.

— [Әлеуметтік желілерде тараған] Видеоматериалдарда мәйітте дақтар бары туралы айтылады. Оны дене жарақаты деп көрсетеді. Мұнда оның пайда болу себебін түсіндіре алатын мамандар бар. Мәйіттегі дақтар — бұл биологиялық өлімнің белгілері. Медициналық тілмен айтқанда, дақтар адамның жүрегі тоқтағаннан кейін кемінде бір сағат өткеннен кейін пайда болады, — деді ол.

Тікелей эфирді көріңіз:

Полицияның айтуынша, белсенді «жүрек талмасынан» қайтыс болған. Сейсенбі күні ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров «белсендінің денесінде зорлық-зомбылық іздері анықталмағанын» хабарлаған.

Қоғам белсенділері биліктің мәлімдемесіне күмән келтіреді. Белсенділер мен құқық қорғаушылар тәуелсіз сараптама жүргізілуі тиіс дейді.

25 ақпанда Ағаділдің қазасынан кейін Қазақстанның түрлі қалаларында наразылық акциялары өтіп, жиналғандар бұрынғы президент, ықпалды Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап етті. Бұға қоса, оның айналасындағы адамдар, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев та қызметінен кетсін деген талап айтты.

25 ақпанда Нұр-Сұлтанда белсендінің өліміне байланысты ішкі істер министрлігінен түсініктеме талап етіп, жолды жабуға тырысқан ондаған адам ұсталды. Кейінірек босатылды. 27 ақпанда Талапкер ауылындағы жерлеу рәсімінен кейін Нұр-Сұлтанға барып, белсенділерді босатып, реформаны талап етуге тырысқан жиырмадан астам адам ұсталды.

(Жаңалық толықтырылады).

Azattyq