Қазақстанда POS-терминал арқылы төлем жасау 20%-ке төмендеді

0
80

Қаңтарда жасалған қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемінің 74%-і интернет арқылы жүзеге асқан, ал 25%-і POS-терминал арқылы төленген

АЛМАТЫ, 28 ақпан – Sputnuk. 2020 жылдың қаңтарында ел аумағында жасалған қолма-қол ақшасыз төлем көлемі 1 586,9 млрд теңгеге жетті, деп хабарлады Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының баспасөз қызметі.

Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есе көп. Карта арқылы төлем жасау бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. 35 пайыз – Алматы тұрғындарының үлесі, 17 процент– Нұр-Сұлтан қаласы, Түркістан облысы және Шымкент қаласы – 7 процентті көрсетіп отыр.

«Қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемінің банкоматтардағы қолма-қол ақшаны алуға қатынасы қаңтарда 123%-тен 139%-ке дейін өсті», – делінген ақпаратта.

Қаржы қауымдастығының мәліметінше, банк картасын пайдалану арқылы жасалған төлемнің орташа сомасы – 11 553 теңге, ал банкоматтан ақша алу сомасының орташа мөлшері – 45 366 теңге.

«Ел аумағында қаңтарда жасалған қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемінің 74%-і интернет арқылы жасалған, ал 25%-і POS-терминалдар арқылы төленген. Соңғы 12 айда Қазақстанда POS-терминалдар арқылы төлем жасау 20%-ке төмендеді», – деді қауымдастық.

2020 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша төлем карталарын 22 банк және «Қазпошта» АҚ шығарады. Олар: VISA International, MasterCard Worldwide, UnionPay International, American Express International және Diners Club International.

Сондай-ақ, Қазақстан банктері жергілікті жүйелердің төлем карталарын шығарады. «Қазақстан Халық банкі» АҚ Altyn Card карталарын, «Ситибанк Қазақстан» АҚ Қазақстан Ситибанктің жергілікті картасын және «Kaspi Bank» АҚ Kaspi.kz төлем карталары жүйесін шығарады.

Тағы оқыңыз: Елордалық депутат Kaspi Gold иелерін 3% салық төлеуге міндеттеуді ұсынды

Қазақстан аумағында қолма-қол ақшасыз операциялардың негізгі үлесі интернет/мобильді банкинг және POS-терминалдар арқылы жүргізілді.



sputniknews.kz