БАРЫС БЕЙНЕЛі ҰШАҚ КӨККЕ КӨТЕРІЛДІ
Елордадағы Нұрсұлтан Назарбаев әуежайында орналасқан «Эйр Астананың» авиация-техникалық орталығында жаңа Embraer 190-E2 ұшағының таныстырылымы өтті. Салтанатты шараға әуекомпания басшылығы, акционерлер, үкімет және дипломатиялық корпус мүшелері, журналистер мен блогерлер қатысты.
Бұл ұшақтың басқа жаңа ұшақтан ерекшелігі тұмсығында қар барысы бейнеленген. Қазақстан экономикасының даму динамикасын, тұрақтылық пен биіктіктің символына айналған тау тағысы қазақ жерін ықылым заманнан бері мекен етеді. Осы ливрея арқылы «Эйр Астана» барыстың Қазақстанда және әлемде жоғалу мәселесіне жұртшылық назарын аудармақ және экология жақсаруы мен қоршаған ортаны сақтау мәселелерін тағы да көтермекші.
Е2 Бразилиядағы өндіруші зауыттан алдырылды. Әуе кемесі екі қозғалтқышпен жабдықталған тар фюзеляжды реактивті ұшағына жатады. Ол қысқа және орта қашықтықта ұшуға арналған. Алдыңғы E190 ұшағына қарағанда 1000 шақырымға артығырақ, яғни 5300 шақырымға дейін ұша алады. Жаңа модельдің аэродинамикасы жақсарған, фюзеляжы мен қанаттары өзгерген және АҚШ-та өндірілетін PW GTF қозғалтқыштарымен жабдықталған.
Тағы бір ерекшелігі – отынды аз жағып, экологияға зиян келтірмейді. Қозғалтқыштардың дыбыс шуылының деңгейі төмендеген.
– Embraer әуе кемелерімен жақсы таныспыз және жаңа буын ұшақтарының үнемділігін, қоршаған ортаға оң ықпалын тигізетінін жақсы білеміз. Сонымен қатар жолаушыларға жайлылық сыйлайтынын айтқым келеді, – деді «Эйр Астана» АҚ президенті Питер Фостер.
Ұшақта 108 орын бар. Компания осындай типтегі ұшақтың төртеуіне келесі жылға тапсырыс беріп қойды.
«Эйр Астана» – осы ұшақ үлгісінің ТМД-дағы алғаш пайдаланушысы. Алғашқы рейс Астана – Алматы бағытымен 19 желтоқсан күніне жоспарланған. Қар барысы бейнеленген ұшақ Қазақстанмен қатар Ресей қалаларына, Орталық Азия елдеріне, Кавказ бен Қытайға сапарлап тұрады.
Embraer Commercial Aviation президенті Джон Слеттери «Эйр Астанамен» жұмыс істеу үлкен құрмет екенін жеткізді.
– Біздің өніміміз қазақстандық әуекомпанияның дамуына үлес қосып жатқаны қуантады. Embraer 190-Е2 ұшағын таңдау біздің брендімізге деген сенімнің белгісі деп есептейміз, – деді Джон Слеттери.
Айта кетейік, «Эйр Астана» 2002 жылдан бері алпыстан астам халықаралық және ішкі бағыттарда қызмет көрсетеді. Компания әуефлоты Embraer ұшағынан басқа Airbus пен Boeing әуе кемелерінен жасақталған.
Асқар БЕК
Дереккөз: Айқын