«Бәріңді жек көремін»: Олимпиадада алтынсыз қалған ресейлік қыз бапкерлеріне айғайлап, жанкүйер алдында шу шығарды (видео)

0

Бейжің Олимпиадасында мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасындағы жекелей сын аяқталды. Ресейлік Александра Трусова отандасы Анна Щербаковаға жол беріп, күміс медаль иеленді. Бірақ жас спортшы бұл жүлдесіне қанағаттанбай, ашуға булықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бейжің Олимпиадасында Александра Трусова еркін бағдарлама үшін ең жоғары ұпай алды. Өйткені, ол әйелдер арасында бір бағдарламада бес рет төрттік секіру элементін орындаған спортшы ретінде тарихқа енді. Бұған дейін Трусова бірнеше турнирде бес рет төрттік элементін орындауға тырысты.

Бірақ барлығы сәтті шыға бермейтін. Александра өміріндегі ең басты дода — Бейжің Олимпиадасында барлық секіру элементін құламай, сәтті орындап шықты. Төрешілер оған еркін бағдарламадағы ең жоғары ұпайды қойды. Десе де, екі бағдарлама қорытындысы бойынша ол тағы бір ресейлік спортшы Анна Щербаковадан 4 ұпайға қалып қойды. Бұл Трусованың қатты ашуландырды. Ол марапаттау рәсіміне шықпайтынын айтып, бапкерлеріне айғайлаумен болды.

Тіпті, өзін құшақтап, сабырға шақырмақ болған бапкері Этери Тутберидзені де итеріп жіберді. «Бәріңді жек көремін! Жек көремін! Бұл спортты жек көремін! Ешқашан мұзға шықпаймын. Ешқашан! Бәрінің алтын медалі бар, менде жоқ! Жек көремін!», — деп бірнеше рет қайталаған спортшы көз жасын да тоқтата алған жоқ. Марапаттау рәсіміне ол мүлде көңілсіз күйде шықты. Жеңімпаз атанған командаласы Анна Щербаковаға да құрмет көрсеткен жоқ.

Айта кетелік, Александра Трусова секіру элементтерін жақсы орындайды. Алайда, қысқы бағдарламада үш айналым аксельді орындау кезінде құлап қалғаны спортшыны алтыннан айырды.

https://www.youtube.com/watch?v=zfj7ORDLTEo