Бақытжан Ертаев: Кеңес кезінде әскердегі «дедовщина» қазіргідей болған емес

0
945

Соңғы жылдары әскерге азаматтық борышын өтеуге барған сарбаздар арасында өлім-жітім көбейіп кетті. Ресми статистикаға сүйенсек, 2010-2020 жылдар ішінде 220 сарбаз суицид жасаған. Бұл жылына шаққанда – 22 адам. Ал Қорғаныс министрлігі қабылдаған «нөлдік өлім» бағдарламасы сарбаз өлімінің алдын ала ма?

Nege.kz тілшісі қорғаныс саласында министр, министр орынбасары болған генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың пікірін білді.

– Бақытжан Ертайұлы, әскерге барған сарбаздар арасында неге өлім көбейіп кетті?  

– Өкінішке қарай, солай болып жатыр. Қайтыс болған сарбаздардың ата-анасына, туыстарына көңіл айтамын.

Әрине, бұл мәселеге қоғам болып атсалысуымыз керек. Бұл жалғыз әскер сапындағы командирлердің міндеті емес. Жалпы, ана сүтінен, отбасынан басталатын дүние. Баланы тәрбиелеу – бәріміздің борышымыз. Тағы бір айтатын жайт – мұндай қайғылы оқиғаны бір күнде жоя алмаймыз.

Е.Тешебаев.

– Қорғаныс министрі Жақсылықов «нөлдік өлім» деген бағдарлама қабылдап жатырмыз дейді. Атының өзі құлаққа жағымсыз емес пе?

– Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Жаңа Қазақстанға қадам басып жатырмыз ғой, бұған дәл қазір «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып кірісуіміз керек. Өз басым әскер саласында талай жыл еңбек еттім. Дивизияда командир де болдым. Сонда менің білгенім, сарбазды өз баласындай, туған інісіндей жақсы көріп тәрбиелесе, онда сарбаз да командирді ағасы немесе әкесіндей сыйлайды. Әрбір командир сондай болуы тиіс.

– Жалпы, сарбаздарға кімдер әлімжеттік жасайды?

– Қазір әскерге келісімшартпен де барады. Оларды «контрактниктер» дейді. Олар 27-30 жастағы жігіттер. Мен шындықты айтайын, олар әскерге жаңадан қабылданған сарбаздарды тергеуге алады. «Қай жерден келдің? Қай елсің? Әке-шешең кім болып жұмыс істейді? Үйіңе хабарлас, осындай ақша жіберсін» деп мәжбүрлейді. Бұл жағын білемін ғой.

Сол себепті де, бұл – ойын емес, адам тағдыры, жастардың өмірі. Комиссия құрып, мәселені анықтау қажет. Біз тіпті, тамырын ұстап, жақсы диагноз бере алмай жатырмыз. Әскери салада қандай «ауру» барын тапқанда ғана емдей аламыз.

– Бұрын да осындай оқиға көп болушы ма еді?

– Болды. Кеңес кезінде оны «дедовщина» деуші едік. Бірақ қазіргідей болған емес. Германияда полкты басқардым. Ауғанстанда комбат болдым. Әскери қызметкер, азамат ретінде айтайын, сарбаз өліміне әкелетін оқиға тіркелген жоқ.

Сосын қазір жас командирлерге методиканы, педагогиканы, психологияны үйретпейді. Себебі, қазір жастар басқаша. Жастар бұзылған жоқ, олар өз заманына сай өмір сүріп жатыр. Бірақ оларға ақыл-кеңес айтып, қолұшын беріп, дұрыс жолға салуымыз керек.

«Ақсақалға бардым, ақыл сұрайтыны бар, Жастарға бардым, болашағы бар» дейді. Міне, ақсақалымыз, жасымыз бар, Отан сүйетін жолға салуымыз қажет. Патриот – тілмен емес, жүрекпен айтылуы тиіс. Қазір тілмен сайрап, у-шу, шапалақ ұрып кете беретіндер көп. Бауыржан Момышұлының «Ер өз елінің құлы болмаса, басқа елдің құлы болмайды» деген сөзі бар. Қазір «Бауыржан кім десең?» «Косманавт па?» дейтін жастар көбейген.

Батырсыз ел болмайды. Қазақ елінде Еңбек ері, даңқты батырлары бар. Олар қайда? Оларды неге бала тәрбиесіне жұмылдыра алмаймыз? Бұрын Кеңес батырлары кезексіз өтетін. «Біз де батыр болсақ қой» деп армандадық. Оларды көрсек, екі қолымызбен амандасатын едік. Мұның өзі – идеология. Ал қазір осындай азаматтарға деген құрмет қайда қалды? Сондықтан айқайлай бергеннен ештеңе шықпайды? Тамырды ұстап, нақты диагнозын қою қажет.

– Министрдің «сарбаздар әскерге саналы түрде азаматтық қоғамнан келді, өз проблемаларымен келген болуы мүмкін» деген уәжі дұрыс па?

– Турасын айтайын, өзім командир болғанда ротам озық шығатын. Ол үшін мені наградаға ұсынды. Бұл қалай дейсіз бе? Мен әр сарбаздың ата-анасына хат жазатынмын. Мысалы, алдымен сарбаздың өзімен жақын танысамын. Отбасы, ата-анасы туралы сұраймын. Себебі, біздің қазақта тұңғышын ата-әжесіне береді де, содан ерке болып өседі. Қай жерде, қалай өскенін тәптіштеп біліп аламын да, ата-анасына хат жазуға кірісемін.

Р.Жақсылықов.

«Ерболдың әке-шешесі, саламатсыздар ма? Мен – Ерболдың командирімін. Баланы бірге тәрбиелейік. Сізден ақыл сұрайын деп отырмын. Бұл жігіт қалай өсті? Мінезі қандай еді? Нені жақсы көреді?» деп білгім келген сауалдарды жазып, отбасына жіберемін. Содан ата-анасы кері жауап жазып, алғысын жаудыратын.

Тіпті, сарбазды шақырып алып «Сен шешеңнің туған күні қашан екенін білесің бе?» десем, «Ойбу, ертең екен ғой» дейді. «Отыр да, хат жаз» дейтінмін. Сөйтіп, бірге құттықтау хат жазып, салып жіберетінбіз. Біз әр сарбазға мінездеме жазатын едік қой. Қазір ондай жоқ. Сондықтан бәріне жаңа көзқараспен қарау керек. Өлім-жітімді бір күнде жоям деген болмайды.

 Бірақ министрдің «Білесіздер, 18-19 жастағы жігіттер тәтті тамақ жегісі келеді. Сарбаздар ата-аналарынан ақшаны тәтті тамақ жегісі келгендіктен сұрайды» деген пікірі мүлдем қарабайыр шықты. Өткен сенбі күні «асылып өлді» делінген сарбаз Еділ Тешебаев та үйінен жиі ақша сұраған. Оның тәттіге сұрамағаны анық қой…

– Сөзімнің басында айттым. Әскерге келісімшартпен келгендердің салмақ салатыны шындық. Ондай әңгіменің бары рас. «Дедовщина» деген осы. Енді біз де оларға басқа айла табуымыз керек.

– Қысқасы, әскери салаға түбегейлі реформа жасалуы керек деп ойлайсыз ба?

– Жаңа реформа әскери салаға да ауадай қажет. Саяси тәрбиешілер, психолог мамандарды көбейту керек. Сарбаздарды ата-анасымен, ардагерлермен жиі кездестіріп тұру қажет. Жастарды тәрбиелеу – бәріміздің мойнымызда. Әрбір азамат Отан алдындағы борышын өтеу керек. Бармаса да, «әруақытта Отан қорғауға дайынмын» деп ант беруі тиіс. Біз кезінде әскерге барған ағаларымызды мақтаныш тұттық. Жейдесінің түймесін ұстап көруге, шәпкісін киюге асығушы едік. Демек, қазір қазақ армиясының имиджін көтеру аса қажет.