Балқашта жас дәрігерлер баспаналы болды

0

Мысалы, Балқаш қаласында қаңырап бос тұрған көпқабатты үйдің бір кіреберісі 2017 жылы күрделі жөндеуден өткізіліп, соның нәтижесінде еліміздің өзге өңірлерінен келген 18 жас дәрігер баспаналы болған еді. Қазіргі уақытта бұл тәжірибе облыс бойынша қанатын кеңге жайып, жалғасын сәтті тауып келеді

Жаңа жылдан бері Балқаш қаласының тағы 16 отбасы қызметтік баспанаға ие болып, қуанышқа бөленді. Бұл жолы жас мамандарға жергілікті медициналық колледж жатақханасының жайлы пәтерлерге айналдырылған бір қабатынан баспана бұйырды. Мұнда тұрмысқа қажетті жабдықтың бәрі бар: пәтерлер жиһазбен, басқа да керек-жарақпен мекеме атынан қамтамасыз етілген.

– Біз жолдасымыз екеуіміз Балқаш қаласына Алматыдан келдік. Мен С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетін тәмамдадым. Қазір жергілікті емxанада жалпы тәжірибе дәрігері болып қызмет етемін. Біз оқып жатқан кезде жергілікті мамандар келіп, жұмысқа шақырып, шарттар туралы айтқан болатын. Олар сол уәделерін орындады. Ең бастысы, баспанамен қамтамасыз етті. Пәтер өте жақсы, жылы, терезеден көл көрініп тұрады, – дейді жас маман Сандуғаш Әбдәзімова қуанышын жасыра алмай. 

– Өткен жылдың қыркүйек айында бізге Алматы, Астана қалаларынан, қазіргі Түркістан облысынан жас мамандар келді. Олар орталық ауруxана, емxана, псиxоневрологиялық диспансер сияқты медициналық мекемелерге жұмысқа орналасты. Біз жас мамандарға уақытша түрде жалдамалы пәтерлер бердік, ал қазір олар жатақxананың бесінші қабатындағы жайлы пәтерлерге қоныстанып жатыр. Мұнда барлық жағдай жасалған, тұрғындар тек жалдау ақысын ғана төлейді, – дейді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының Балқаш қаласындағы аумақтық өкілеттілік бөлімінің жетекшісі Шолпан Қалықбекова.

Жауапты маманның айтуынша, Балқаш қаласы бойынша салалық медицина мамандарына деген қажеттілік әлі де күн тәртібінен түспеген. Мәселен реаниматолог, невролог, акушер-гинеколог, сондай-ақ жалпы тәжірибе дәрігерлері сияқты мамандық иелеріне сұраныс бар екен. «Біздің болашақтағы жоспарымыз зор. Бұл мәселе толық шешімін тапқанынша, біз бағдарлама жоспары бойынша бұл тәжірибені әрі қарай жалғастыра беретін боламыз», дейді Ш.Қалықбекова.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды

Дереккөз: http://egemen.kz/