Балалардың қант диабеті көбейген

0

Аутоиммунды аурулардың қатарына жататын қант диабетіне шалдыққан бала­лар­дың қатары ДДҰ сарапшылары айт­қандай, елімізде де азаймай отыр. Жалпы бұл кеселдің туу себептерін зерт­­тегенде бірнеше фактор әсер ететінін байқауға болады.­ Дәрігерлердің айтуынша, алғаш­қысы, тұқымқуалаушылық бол­са, енді бірі сәби шақтағы ауру­шаңдығы, инфекциялық ауруларды жиі жұқтырып, әлсіреген баланың ауруға қарсы тұрар им­мунитеті әлсіреуінен ұйқы безінің жұмысы дағдарып, инсулин бөлінуінің біраздан соң тоқтап қалуы себеп. Ал үшіншісі, экологияның кері әсері көрінеді.

Аурудың белгілері байқалған­да бала қайта-қайта шөлдеп, ауы­зы құрғап, түнде зәрі тоқтамай, кіші дәретінде қант мөлшері артып, тамаққа тәбеті де күрт өседі. Егер бала туғаннан осы аурумен ауырса жөргегі крахмалданғандай қаудырлап тұрады екен. Соны­мен қатар қант диабетімен ауы­ратын балалардың терісінде сыздауықтың шығуы, терінің қышынуы және тез қажалып қалуы да ата-ананы алаңдатуы тиіс. Мамандар қант диабеті созылмалы ауру түріне жатқанымен, дұрыс тамақтанып, режім сақтаса соншалықты қауіпті еместігін айтады. Жастайынан осы дертке шалдыққанымен әлемдік дә­ре­жеде жетістікке жеткен тұл­ғалардың өмірі бұған жақсы дәлел бола алады. Мәселен, Сильвестер Сталлоне, Шэрон Стоун, Сальма Хайек, Эльвис Преслиге қант диабеті әлемге танылу жолында еш кедергі болған жоқ. Диабетпен ауырған адам мүгедек емес, керісінше бұл оның өмір сүру салтына айналады.

– Аутоиммунды жүйенің бұ­зылуы себеп болатын бұл аурудан толық айығу мүмкін емес. Бірақ өзге қоғам мүшелеріндей толыққанды өмір сүру үшін асқынулардың алдын алып отыру жеткілікті, дейді «University Medical Center» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының эндокри­нолог дәрігері Құралай Шұ­ға­йыпова. – Қант диабеті ұяла­тындай, қысылатындай ауру емес. Оның өзі бірнеше типке бө­лінеді. Мысалы, бірінші типте баланың күтімі болып, диета сақталып, режім қадағаланса болды. Шетелде диабеттің қай түрінен де қорықпайды. Өйткені пациенттер тіршілік ету қалыбын осы ауруға бейімдейді де 100 жасқа дейін өмір сүреді. Екінші түрімен үлкен адамдар ауырады. Бұл зат алмасу процесінің бұзылуынан болатындықтан, олардың емінде тек инсулин емес, қосымша дәрі-дәрмектер қолданылады. Үлкендердегі диа­беттің айырмашылығы, инсулин­нің ағзада көп бөлінуінде. Ал балаларда инсулин мүлде түзіл­меген­діктен пациенттер инсулин­ді сырттан алады.

Балалардың қант диабетімен ауруында әлем бойынша қазіргі емдеу түрі ағзаны инсулинмен сырттан қамтамасыз ету бол­са, бүгінде оны берудің жаңа түрі қолданылуда. Бірінші клас­сикалық түрі, шприц-қаламмен егу­ болса, екіншісі, елімізде 2008 жылдан бері пайдаланылып­ жүрген инсулинді помпаны­ пай­далану. Бір айға қажетті қол­да­нуының өзіне 80-90 мың теңге қажет бұл помпа 18 жасқа дейінгі балаларға тегін, мемлекет есе­бінен беріліп келеді. Жалпы қант диабетімен ауыратын бала инсулин қабылдаудың осы екі жолын да білуге тиіс. 

Ал екеуінің айырмашылығы қандай? Мамандар түсіндірген­дей, шприц-қаламмен инсулин салынғанда ең аз мөлшер дегенде 0,5, яғни ағзаға жарты бірлік енгізілсе, ал помпа бірліктің 0,25 көлемінде, ширегін ғана жіберуі арқылы бала ағзасына артық инсулин бармай, қажетті мөлшері ғана түседі.

Эндокринологтармен әңгіме­де қаныққан бір жайт, бұл жасөс­пірімдерге қатысты ем түрі. Кіш­кентайынан режім сақтап, тамақ ішуді де, физикалық күш түсуді де (жүгіру, секіру, биге, дене шынықтыру сабағына қатысу) ата-анасы қадағалап, инсулинді қажетіне қарай есептеп енгізіп отыр­са, жасөспірімдік шаққа же­тіп, бойында гормоналды өзгеріс­тер жүрген уақытта, «мен есейдім, енді не ішемін, қандай спортпен шұғылданамын, қалай жүріп-тұрамын, бәрін өзім шешемін» деп қарсылық танытады екен. Осы кездері жасөспірімдердің ана­лиз­дері бұзылып, ауру ас­қынуға бет алады. Шетелде жас­өспірімдердің осы қалыптасу ке­зеңінде дәрігер мен ата-анаға арнайы маманданған медик-психологтар көмекке ке­леді. Сон­дай-ақ шетелдіктердің тағы бір оң тәжірибесі, бала диабетпен ауырған жағдайда мамандар үштігінің көмекке келуінің әбден қалыптасуы дер едік. Олар – жоғарыда аталған медик-пси­холог, диетолог және эндокринолог мамандар. Елімізде мұның барлығы бір эндокринолог дәрігердің мо­й­нына артылып отыр.

Дүниежүзілік диабетпен кү­рес күніне орай, «University Medical Center» корпоративтік қо­­рының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында ашық есік күні өтті. Айта кету керек,­ орталықтың соматикалық бөлі­мінде жыл сайын 700 бала ем­деліп шығатын болса, соның 70-80 пайызы қант диабеті ауруын­ өміріне серік еткен балалар мен жасөспірімдер екен. Осы көр­сеткіштің өзі біраз ойландырады емес пе?..

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»