«Балалар отпен ойнаған»: Шымкентте әйел өрт болған көрші үйден алты баланы құтқарып қалды
Шымкент тұрғыны өртеніп жатқан үйге кіріп, көрші алты баланы аман алып қалды. Деректерге сай, балалар қараусыз қалып отпен ойнаған. Салдарынан өрт шыққан. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі Оtyrar.kz хабарлайды.
Оқиға болған түні Марина Гафарова отқа оранған балалардың көмекке шақырған дауысын естіген. Кейін үйінің терезесінен қарап көрші үйдің өртеніп жатқанын көрген. Өрт сөндірушілерді күтетін уақыттың жоқ екенін ұққан әйел бірден балаларды өзі құтқаруға бекінген.
Әйел ойланбастан әйнекті сындырып, өртеніп жатқан көрші үйге кіріп кәмелетке толмаған алты баланы алып шыққан. Марина Гафарованы ерлігі үшін құтқарушылар марапаттады.
Маринаның өзі төрт баланың анасы. Ол өртті көргенде үйден жалаңаяқ жүгіріп шығып, үш метрлік қоршаудан секіргенін айтады. Ал үйдегі газ баллонды көргенде бірден күйеуін көмекке шақырған.
«Үйлеріміз бір-біріне өте жақын орналасқан. Балалардың жылағанын естіп, жүгіріп шықтым. Мұнда газ баллоны бар екен. Ол кез келген минутта жарылып кетуі мүмкін еді», – деді Марина.
Деректерге сай, алты баланың анасы оларды жалдамалы үйінде қараусыз қалдырып, кетіп қалған. Қараусыз қалған балалар ұйықтамай, отпен ойнаған. Салдарынан өрт шыққан.
«Әйел осы үйден кәмелетке толмаған алты баланы құтқарып, ерлік көрсетті. Өрттің шығу себебі – балалардың отқа абайсыз қарауы», – деді Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Еркін Отарғалымұлы.
Енді Марина құтқарушылар үшін ең жоғары марапат – өрт кезінде көрсеткен ерлігі үшін медаль алуы мүмкін. Барлық құжаттар министрлікке жіберіліп қойған. Ал өрт болған үйдегі отбасы туралы ештеңе белгісіз. Марина Гафарова құтқарылған балалардың ата-аналары алғыс та айтпағанын жеткізді.