Астанадағы «Хан шатыр» сауда орталығында өрт шықты

0

Астанадағы «Хан шатыр» сауда орталығында өрт шықты. Өрт бірінші қабаттағы жеке 10 кВ трансформаторлық қосалқы станция мен кабель оқпанынан шыққан. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Деректерге сай, сауда орталығының бірінші қабатын қатты түтін басқан.

Астана Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 23 желтоқсан күні сағат 14:00-де Тұран даңғылындағы «Хан шатыр» сауда үйінде өрт шыққаны туралы хабарлама келген. Өрт сөндіру бөлімдері шұғыл әрекетке көшкен.

«Бес минуттың ішінде артқы кіреберістен қою қара түтін шығып жатқаны, бірінші қабаттағы жеке 10 кВ трансформаторлық қосалқы станция мен кабель оқпанының жанып жатқаны анықталды. Өрттің таралу қаупі мен зардап шеккендер жоқ», — делінген хабарламада.

Сауда орталығының келушілері мен қызметкерлері эвакуацияланды. Өртті сөндіруге Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамының 66 адамы мен 14 бірлік техникасы жұмылдырылған.