Бала сүйе алмай жүрген келіншектер «емшілердің» арбауына түсуде — новости Казахстана

0

Қазақстанда бала сүю үшін «емшілерге» барып, ем-дом қабылдайтын келіншектердің қарасы көп. Алайда балгердің берген шөптері мен дәрісін ішіп, ана болу бақытынан айырылып жатқандар да аз емес. Ендеше, «емшілердің» арбауына түсіп қалған әйелдер туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Көрнекі фото: myprofession.kz

Көрнекі фото: myprofession.kz

Өмірге нәресте әкелемін деп арбауға түсіп қалған келіншек Балнұр ешқашан балгерге бармау қажеттігін айтады. Оның сөзінше, өзін мықты маманмын деп сендірген бақсының берген дәрі, шөптері әйелдің денсаулығын күрт төмендетіп жіберіпті.

«Ешқашан мұндай емшілерге бармаңыздар. Алданып қаласыздар. Сертификаттары бар. Біздің елде бәрін сатып алуға болады екен. Соған көзіміз жетті. Бұл сертификаттар жалған екен. Мөрлері, бәрі тұрды. Біз оны көрдік.

Әлі бала көтере алмай жүр. Енді одан сайын бала көтере алмайды. Сол емшінің жасаған емінен кейін неше түрлі аурулар пайда болды. Біз талдама нәтижелері қандай болғанын білмейміз» — дейді зардап шегуші Балнұр.

Жалпы емшілікпен айналысу үшін арнайы сертификаттар беріледі. Ал бұл құжатты «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» табыстайды екен. Орталықтың Солтүстік филиалы директоры Асқар Түсіпбаевтың айтуынша, емші болғысы келетін тұлғаларға қойылатын арнайы талаптар бар.

Олардың бірі үміткердің наркологиялық және психологиялық диспансерлерде тіркелмеу қажеттігі болса, екіншісі туа біткен немесе жүре пайда болған емдеу қабілетінің болуы екен.

Осы талаптар орындалған соң емшінің қабілеті тексеріліп, артынша құжат беріледі екен.

Ал 25 жыл бойы сынықшы болып жүрген азамат Мырзабек Қабылов емшілердің барлығы алаяқ емес екенін айтады. Оның сөзінше, бұл қасиет өзіне қанмен берілген.

Бүгінде келіншектердің не себепті емшіге алданып жатқаны туралы сұраққа әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова жауап берді.

«Медициналық қызметтердің қымбаттауы. Оның сапасыз болуы. Өзіңіз білетіндей, қазір адам өліміне алып келетін жайттардың көп болуы дегендер адамдардың сенімсіздіге әкеліп жатыр. Бұл ең негізгі фактор. Екіншісі, менталитет», — деді ол.

Ал елімізде аталған саланы реттеуде ала шапанды ағайыннан үлгі алуға болатындай. Қазан айында Өзбекстан билігі халық емін ресми түрде мойындау жайлы қаулыны қабылдаған еді. Енді онда емшілер дәрігерлер сияқты әр науқастың денсаулығы үшін заң алдында жауап беретін болған.

Дереккөз: Еуразия бірінші арнасы