Байқоңырдағы мектепте «Қазақ тілін» оқыту үшін Ресейден рұқсат алу қажет

0

Байқоңырдағы ресейлік мектептердің сабақ кестесіне “Қазақ тілі мен әдебиеті” және “Қазақстан тарихын” кіргізу үшін Ресей рұқсатын алу керек.

Бұл туралы Dalanews.kz сайты жазды, бірақ кейін мақала сайттан алынып тасталған.

“Байқоңырдағы жеті мектепте сабақ бағдарламасы Ресейдің білім беру стандартына сай жүргізіледі. Аталған оқу орындарында қазақстандық оқушылар да білім алуда.

Олар ертеңін осы елмен байланыстырады. Сондықтан да Қазақстанның тарихымен танысу, мемлекеттік тілді меңгеру, әдеби мұраларын білу оқушылар үшін аса маңызды міндет. “Қазақ тілі” мен “Қазақстан тарихын” осындағы оқу бағдарламасына енгізу үшін Ресейдің Ағарту министрлігінен рұқсат алу қажет”, – деді Мәмин.

Оның атап өткеніндей аталған мәселе білім саласындағы әріптестік туралы Үкіметаралық комиссияның күн тәртібіне енген.

“Жиын өткен айдың 10-і күні өтті. Алайда бұл мәселені талқылаудың орайы келмеді. Байқоңыр қаласы бойынша Үкіметаралық комиссиясының алдағы отырысында бөлек талқылаймыз деп шештік”, – дейді премьер.

Оның айтуынша Байқоңырдағы жеті мектептің біреуін Ресей қарамағынан алып Қазақстан меншігіне беру мәселесі де комиссияның алдағы отырысында егжей-тегжейлі талқыланады.

“Мәселені шешу жолдарын үнемі іздестіру үстіндеміз. Ел азаматтарын Қазақстанның білім беру стандартына сай оқыту үшін былтыр Байқоңырдағы №275 мектептің жанынан жалпы саны 80 оқушыны қамтитын 1-4 бастауыш сыныптары ашылды. Бұдан бөлек 20-дан аса тәрбиеленушісі бар орыс тілінде білім беретін мектепке дейінгі ұйымдар құрылды.

Осы жылы Қызылорда облысының әкімдігі дәл осы №275 мектептің жанынан 5-11 сыныпта оқитын қазақстандық оқушыларға арнап сыныптар ашты. Оқыту процессі біздің елдің білім стандартына сай орыс тілінде өтеді”, – деді Мәмин.

Айта кетсек бұдан бұрын Байқоңырға барған сенатор Мұрат Бақтиярұлы аймақтағы қазақтілді аудиторияның шағымын Үкіметке жеткізген. Сенатор Байқоңырдағы мектептердің бірін Қазақстанның қарамағына беру туралы мәселе көтерген.

“Осындағы Қазақстан азаматтары біздің елдің оқу бағдарламасы негізінде білім алуы тиіс. Мектеп қана емес, балабақша мәселесі де күйіп тұр. Баласын қазақ балабақшасына бергісі келетін азаматтардың арыз-талабын ескеру қажет”, – деген еді Мұрат Бақтиярұлы.

Сенатор өз сауалында бірнеше деректі алға тарқан.

Мысалы, қазақ тілінде білім беретін Байқоңыр қаласындағы 5 мектепте бүгінгі күні 5 236, ал ресейлік 7 мектепте 4049 бала білім алады. Оның 1 508-і, яғни 37%-ы Қазақстан азаматтарының балалары. Байқоңырда қазір Ресей Федерациясына қарасты 7 мектеп бар. Депутат олардың сыйымдылығы толық қамтылмаған дейді.

Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, қала тұрғындарымен кездесу барысында орыс тілінде оқытатын қазақстандық мектепке сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, осы 7 мектептің бірін мемлекет меншігіне өткізуді сұрап отыр екен.⠀

Одан бөлек, Байқоңырдың орталық аудандарында Ресей Федерациясының меншігіндегі, сыйымдылығы толық пайдаланылмай тұрған 13 балабақша бар. Сенатор халықтың бірнеше балабақшаны Қазақстан юрисдикциясына өткізу талабы орынды деп санайды.

Сенатор сауалына іле-шала жауап берген Мәмин Ресейдің бұған рұқсат беруі мүмкін екенін, Байқоңырдағы ғимараттың бірінен алда-жалда қазақ балабақшасы ашылып қаларын айтқан.

“Аймақта қазақтілді 3 балабақша бар. Әзір Ресейге тиесілі №21 орыс балабақшасын Қармақшы ауданының қарамағына беру мәселесін талқылаудамыз. Ресей бұл ғимаратты босатса, 280 орындық қазақ балабақшасы ашылып қалады”, – деген еді Мәмин.

Қазіргі таңда Байқоңырда 16 балабақша бар. Оның үшеуі қазақтілді және Қазақстанның оқу стандартына сай тәлім-тәрбие береді.

“Бұларда жалпы саны 2885 бала бар. Оның 2425-і Ресейдің, ал 460-сы Қазақстанның оқу бағдарламасы негізінде білім алуда”, – дейді премьер.