«Байқамай ішкен шығар». Ауылдастары төрт қызды қаққан мас жүргізушіні ақтады
Еңбекшіқазақ ауданында мас көлік жүргізушінің кесірінен зардап шеккен оқушы қыздардың жағдайы ауыр. Олар қазір комада жатыр, деп хабарлайды «Алматы» телеарнасы.
Дәрігерлер балалардың өмірін сақтап қалуға бар жағдай жасап жатыр. Ал жеткіншектердің ата-аналарына тиісті барлық көмек көрсетілмек.
Куәгерлер телеарна тілшілеріне оқиға болған орынды көрсеткен. Олардың сөзінше, әрі қарай көлік бірнеше метр жерде тұрған жол белгісіне барып бір-ақ тоқтаған.
«Біз бірден далаға жүгіріп шықтық. Аяғы сынған қыз айғайлап көмек сұрап тұрды. Сәл әрірек екі қыз жерде жатты. Көршілерге айтып жедел жәрдем шақырттық», — деді куәгер Александра Григориади.
8-9 жастағы жеткіншектерге жедел алғашқы медициналық көмек көрсетіліп ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің сөзінше, бүгінде екі қыз жасанды желдендіру аппаратына қосылған. Ал біреуінің денсаулығы тұрақты болғандықтан, облыстық көпсалалы аймақтық балалар ауруханасына ауыстырылған.
«Барлық қыздың миына зақым келген. Жансақтаудағы екі қыздың да жарақаты ауыр, жамбас сынуы, сан сүйегінің сынуы және ми жарақаты. Травматикалық шокпен жеткізілді. Қазір толыққанды емін алып жатыр. Бірақ динамикалық жағдайы әлі ауыр», — деді Шелек ауылындағы аудандық ауруханасы жансақтау бөлімінің бөлім меңгерушісі Серікбек Нұрланбек.
Ал ауыл тұрғынарының сөзінше, көлік тізгінінде болған 54 жастағы азаматтың ішімдікке әуестігі жоғын әрі ол ауылдағы белсенді тұрғындардың бірі.
«Белді, жақсы жігіт ол. Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ. Байқамай ішкен шығар енді ол. Кінәсін мойындайды. Ауылға барлық көмекті беріп жүреді. Кеше анасы барып алдарынан өтті. Жазым ғой енді, аман-есен болып жазылып кетсе болды», — деді Қорам ауылының тұрғыны Мәди Өтемісов.
Қазір күдікті ұсталып, қамауға алынған. Қылмыстық кодекстің 345- бабы, яғни мас күйінде көлік айдап жол ережесін бұзу арқылы денсаулыққа зақым келтіру бабы бойынша тергеу жұмыстары басталып, сараптама тағайындалған.