Байбек бірнеше депутатты Nur Otan қатарынан шығарып тастамақшы

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Партиялық бақылау комитетінің отырысында партия жұмысына жауапсыз қарайтын депутаттардың мәселесі қаралды

НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. «Nur Otan» төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өз жұмысына жауапсыз қарайтын партия мүшелерін саяси ұйым қатарынан шығарып тастау қажеттігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін партиялық бақылау комитетінің отырысында Қызылорда облысынан байланысқа шыққан жергілікті комиссиясының төрайымы Аида Әбибулаева бірқатар мәслихат депутатының жұмысына арызданды. Партияның жұмысына жауапсыз қарайтын депутаттардың аты-жөнін де жариялады.

Тағы оқыңыз: Назарбаев Шымкенттегі жұртты шулатқан оқиға жайлы: Бір нәрседен қорқамыз ба?

«Жалпы, 1 539 адамның мәселесі шешілді. Депутаттар өз кезегінде 646 адамды қабылдап, сан алуан сұрақтардың шешілуіне өз септігін тигізді. Алайда кейбір басшылар мен депутаттар партияның қоғамдық қабылдауында азаматтармен кездесуге және халықтың арыз-шағымдарына формалды түрде қарайды. Мәселен, депутаттар Жансақалов, Мақашев пен Махамбетов халықпен кездесуге бірнеше рет келмей қойған. Облыстық департамент басшылары Орынов, Бәйменова, Өтегенова, Мелдібекова мен Сұлтангереев тура солай істеді», — деді Әбибулаева.

Партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осы мәселеге қатысты өз ойын білдірді.

«Сіз нақты фактілер мен фамилияларды атадыңыз. Өте дұрыс. Олардың қоғамдық қабылдауға неге келмегенін зерделеу керек. Егер ол партия мүшесі ретінде білсе, кестені көрсе, ал қоғамдық қабылдауға келмеген болса, оның партиялық жауапкершілігін қарау қажет. Тіпті, партия қатарынан шығарып тастауға дейін шара қолданған жөн», — деп атап көрсетті Байбек.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде партия қатарына кірген мемлекеттік қызметкерлердің саны 6 процентті құрайды. Қалғаны – қарапайым халық.

«Біздің қатарымызда қойшы да, мұғалім де бар. 6 проценті – мемлекеттік қызметкерлер. Бірақ дәл осы 6 процент үнемі қоғамның бақылауында жүреді. Бүгінде нақты тәртіп бар. Адамдар сол тәртіптің сақталғанын қалайды. Сол себепті партиялық тәртіпті күшейтуіміз керек. Сөз бердік пе? Оны орындау қажет», — дейді Байбек.



sputniknews.kz