Бағдат Әшімова: «Біздің қазақ қыздары шетінен батыр»
Абыз актер, халық әртісі Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімова kznews.kz тілшісіне сұхбат беріп, отау құрған 20 жылда әйел ретінде түйгенімен бөлісті. Өзінен 34 жас үлкен актердің жары болудың артықшылықтары мен қиыншылықтарын айтты. Өзінің жылдар бойы асыл жар, аяулы ана, келін ретінде жинаған мол тәжірибиесіне сүйеніп, қыз-келіншектерге ақыл-кеңестерін де айта кетті.
— Өнер адамының жары болу қиын ба? 20 жылда қандай кезеңдерден өттіңіздер?
— Әрине, өнер адамдары — табиғат тарту еткен талантымен, халық қошеметімен, ел алдында жүретін, жастар бой түзейтін дарын иесі. Осындай кісілерге жар болу, алдымен, үлкен жауапкершілік. Екіншіден, қызығы мен шыжығы мол өмір, себебі олардың жандары өте нәзік келеді. Бәйгеге сәйгүлікті қалай баптасақ, сол сияқты олардың да жағдайын жасап отыру аса маңызды. Біздің Асекеңмен бас қосқанымызға 20 жылдың көктемі өтіпті. Осы аралықта орны ерекше, дара әрі дарынды Алаш азаматының отын жағып, қасиетті шаңырақтың түтінін түтетіп отырғаныма ризамын.
Сахнада қалай жүрсе, шаңырағымызда немере-шөбере, балаларымыздың алдында солай жүреді. Күні-түні жағдайын жасап, тамағын алдына тосып, шайын уақытылы беріп, күтеміз.
— Бақытты отбасы болудың құпиясы қандай?
— Негізі қыз балалар ыстық ұясында анасының ақылына, әкесінің қабағына қарап өседі. Үйінде қонақ қып, еркелетіп, тұлымын желбіретіп өсіріп, болашақ ана мен жар болуға дайындайды. Бұл да қазақтың тал бесіктен нәзік жандылардың бойына берілетін жақсы қасиеті. Біз өзіміз анамыздың «ер азаматтың алдын кесе өтпе, киімін баспа, дөрекі сөйлеме, жылы жүзбен, еркелеп жең» дейтін өсиетімен өстік. Ақ босағаны аттар алдында бар еркелігіміз бен мінезімізді өз шаңырағымызға қалдырдық. Одан кейін бақытты боламыз деп емес, ер-азаматымның ұрпағын жалғап, оны бақытты етемін деп келдік. Бір үйдің ғана емес, бір елдің абыройын ту қылып ұстап жүрміз. Шаңырақты берік әрі қуанышқа бөлеп, жары мен оның ата-анасының асты-үстіне түсіп, тазалықты сақтап, етек-жеңі қымтап жүруді әдетке айналдырдық. Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді. Болашақта да келінімізден сондай жақсылық күтеміз.
Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмасы анық. Сондай кезде ашуға ерік бермей, бір саты жұбайынан төмен түсіп, отыз екі тісі мен тіліне қамал салып, екі елі қақпақ қоя білсе, ұстамдылықтың нәтижесінде арада түсіністік пен сыйластық арта түседі. Біздің қазақ қыздары шетінен батыр. Өз үйінде еркелеп өскен қыздың жаңа ортаға барып, қызмет қылып, сіңісіп кетуі де — үлкен ерлік.
— Жас келіндерге, қыз—келіншектерге қандай кеңес берер едіңіз?
— Бұрын бабаларымыз «Ерін сыйлаған әйел есікте отырмайды» деген екен. Қай кезде де ер азаматыңыздың абыройы биік болсын, көңіліне күдік, намысына көлеңке түспесін. Ер азаматтың қанаты — аты, мақтанышы мен айнасы — әйелі. Жары жақсы болса достарының алдында мерейі үстем болып, төрінен қонақ кетпейді, шаңырағынан арай төгіліп тұрады. Қазақ қыздары өмірге және от ұясына шуақ шашатын жанға айналуы тиіс.
— Бара тәрбиесіне көзқарасыңыз?
— Негізі бала тәрбиесін ерте кезден қолға алған дұрыс. Жан жақты ғылым-білімге баулып, ұйым орталарына апарып, қызығушылығын ашып, арттыра түссек, бала да жаңа бағытқа ыңғайланып, бейімделеді. Алдымен ұпағымызға білім берілу керек. Сонда ғана ертеңгі күні өнер-білімнің нәтижесінде дамып, болашақта жақсы бір маман иесі, адам болып қалыптасуына үлкен ықпал ете аламыз. Бұл ата-ана міндеті. Перзенттерімізге болашағымыз деп қараймыз. Бала — біздің капиталымыз. Оларға үлкен көңіл бөлу керек. Баланы бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас демей ме?
— Сұхбатыңызға рахмет!