Түркістан облысында ер адам туды өрттен алып шықты

0

Түркістан облысында мемлекеттік мекеме қызметкері өртеніп жатқан ғимарат төбесінен туды алып түсті, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі «Отырар» басылымына сілтеме жасап.

Жұмыспен қамту орталығының өртеніп жатқан ғимаратынан мемлекеттік туды құтқару сәті әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.

Ер адам өртеніп жатқан ғимараттың төбесіне шығып, өз денсаулығына қауіп төнгеніне қарамастан, мемлекеттік рәмізді өрттен алып шығады.

Түркістан облысы ТЖД мәліметінше, видео кейіпкері жұмыспен қамту орталығының қызметкері. Оқиға 17 шілдеде Сайрам ауданы Ақсукент ауылында болған. Өрттен ешкім зардап шеккен жоқ. Өртті сөндіруге 29 өртсөндіруші мен сегіз полиция қызметкері барған.

«Жұмыспен қамту орталығының бір қабатты ғимараты мен «Светофор» дүкенінің шатыры, жалпы 413 шаршы метр аумақты өрт шарпыды. Сағат 14.31-де өрт оқшауланып, 16.15-те жойылды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ», — делінген Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті хабарламасында.