«Бағдарламаны жүргізу үшін ақша берген»: Айдай Исаева «Қалаулым» бағдарламасына қатысты бар шындықты айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Бірі қолдайтын, екіншісі даттайтын отандық жобалардың бірі — «Қалаулым» бағдарламасы. Қазір аталған бағыттағы жоба отандық қос арнадан көрсетілуде. Бірін – Аша Матай жүргізсе, екіншісінің тізгінін –Айдай Исаева ұстаған. Атышулы жобаның жаңа жүргізушісімен Stan.kz тілшісі сұхбаттасты. 

Айдай ИсаеваСурет: instagram.com/aiday_issayeva/

—    Айдай ханым, сәлеметсіз бе! Жаңа қызметіңіз құтты болсын. Қаншалықты тез үйрендіңіз?

—    Құттықтауларыңызға рахмет! Бұл жобаға келгенде өзімді үлкен бір отбасына келгендей сезіндім. Бәрі қолдап, білмейтін тұстарым болса, қол ұшын созуға даяр. Сондықтан шығар сіңісу қиын болған жоқ. 

—    «Бағдарламаны жүргізу үшін ақша төлеген екен», «Өзін танымал ету үшін сұранып келген» деген сияқты пікірлер де жиі айтылады. Қаншалықты шындыққа жанасады?

—    Кейде адамдар рейтингісіне қызығып, өзі сұранған шығар деген ой жазады. Алайда, мен жобаға ұсыныс алдым. Және тікелей эфирде өзімнің жаңа бір қырымды ашып, дамыту мақсатында және еліміздегі жас отбасыларының санын арттыруға үлес қосу мақсатында қуана келістім. Ешқандай да ақша төлеп, сатып алған жоқпын. Мұндай пікірдің қайдан шыққанын білмеймін және маған өте күлкілі. 

—    Тікелей эфирде жұмыс жасау қаншалықты қиын екен?

—    Сырттан қарағанда үш сағат тікелей эфирде отыру оңай дүние сияқты. Бірақ өте күрделі жұмысты талап ететін іс екенін түсіндім. Эмоционалды факторы да бар. Сан түрлі тағдырды естіп, түрлі сезімді өзіңнің жандүниеңнен өткізу үлкен төзімділікті талап етеді.

—    Үнемі ізденісте болу — журналистика саласының басты талабы. Тіл байлықты көбейту немесе осы журналистикалық білімді тереңдету мақсатында қандай амал-әрекеттер жасаудасыз?

—    Тілді шынықтыру қазіргі кезде өзіме басты талаптардың бірі. Біріншіден, әдеби кітаптарды көп оқып жүрмін. Екіншіден, кәсіби мамандардың кеңестерінен де бас тартқан емеспін.

—    «Қалаулымның» кейбір шоу-бизнестегі аға буынға аса ұнамайтынын білетін шығарсыз. Өзіңіз үлкен сыннан қорықпадыңыз ба? 

—    Ондайын білмейді екенмін. Әрине ауқымды жоба болғаннан кейін сын да болады. Бірақ сыннан қорқып әрекетсіз отыру да дұрыс емес деп ойлаймын. Көш жүре түзеледі демекші, айтылған сындардан өз басым күнде пайдалы бір нәтиже шығарамын. Қалаулым осы 2 жылдың ішіне өзінің пайдасы мен шын ниетін дәлелдеген бағдарлама деп білемін.

Сұрбойдақ жігіттер мен тұрмыс құрмаған қыздар саны қаншама. Бұл кәдімгідей бір қоғамның үлкен мәселесі. Шынайы бір-бірін сүйіп тоғысқан тағдырларды көріп іштей риза болып қаламын бұл жобаға. Бір тағдырдың өзгеруіне немесе бір отбасының құрылуына кішкентай болса да үлес қоссам, ол бiр бақыттын бiрiгой!

—    Ана ретінде болашақта балаларыңыз жар іздеп осындай жобаға қатысамын десе қолдайсыз ба?

—    Ана ретінде бастысы балаларымды иманды және жақсы адамдар қылып тәрбиелеу менің міндетім. Ал өз жолын тауып, таңдауын өздері жасасын. Мен әр шешімдерін қолдап отырамын.

—    Қаншалықты адамдарға сенгішсіз және жиі опық жейсіз бе?

—    Жалпы өзім ешбір адамды жамандыққа қимаймын. Ауызың ашылса жүрегің көрінеді деп үйдегілер жиі айтады. 

—    Қазір Салтанат құрбыңыз жігітімен кейде ән салып қояды, шатаспасам, бірге фильмге де түсті, жуырда бейнебаянға да түсірді. Өзіңізде болашақта жолдасыңызды өнер әлеміне әкелуге ойланып жүрген жоқсыз ба?

—    Жарым өз саласының маманы. Ол кiсi «Бір үйге бір өнер адамы жеткілікті» деп айтады.

—    Инстаграм сізге қаншалықты табыс әкелуде? Ең үлкен инстаграмнан тапқан табысыңыз қандай?

—    Шынымды айтсам, ешқашан әлеуметтік желіге табыс көзі ретінде қарамаппын. Сол себептен де айтарлықтай табыс әкелмеген шығар. Бірақ, мен оған еш өкінбеймін. Өйткені инстаграм мен үшін оқырманыммен байланыста болуға көмектесетін күнделік сынды. Арасында жарнама да жасап тұрамын, әрине. Бірақ әуелі оның 99% өзімнің дос таныстарымның кәсібі. Екіншіден, мен өзім қолданбаған затты ешқашан оқырманыма ұсынбаймын. Оны оқырмандарым жаксы бiледi деп сенемiн. Келiп жатқан ұсыныстың барлығын ала берсем бұл бiр бизнестей табыс бередi, бiрақ  жиырма ұсыныстың бiреуiне ғана келiсiм беремiн. Өйткенi сапаға аса көңiл бөлемiн.

—    Айына өзіңізге қанша ақша жұмсайсыз (орта бағамен)?

—    Осы орайда отағасына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Аллам маған осы сұрақтын жауабын білмеуге мүмкіндік жасаған жар сыйлады. Шынымды айтамын мисс болдым екен деп сұлулық салондарынан шықпай жатқан мен жоқ. Керісінше дене, шаш, бет күтімін көбінесе әжелеріміздің үйреткен тәсілдерімен үйде жасауды ұнатамын. Бәрі сол ел қатарлы. Айтарлықтай көп шығын жоқ. Болса да қанша екенін нақты білмеймін. Өйткені отбасылық бюджет отағасының қолында.

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.



stan.kz