Б.Сағынтаев энергия үнемдеу жобалары бойынша инвесторлармен жұмысты жандандыруды тапсырды

0

Мемлекет басшысы еліміздің энергия сыйымдылығын төмендету қажеттігін белгілеген болатын.

Бүгінгі таңда өнеркәсіп салаларының энергия сыйымдылығын төмендету бойынша тек жалпы деректер бар. Бұл тетік оны қадағалау процесін: әрбір өнімді өндіру барысында энергияны тұтыну төмендеді ме, немесе тек өндіру төмендеп, соның салдарынан энергия таратушыларды тұтыну азайды ма, оны бақылауды қиындатады.

Осыған байланысты Премьер-Министр Инвестициялар және даму министрлігіне әрбір өнім бірлігіне энергияны тұтынуды төмендету алгортимін әзірлеуді тапсырды (болат, алюминий, көмір т.с.с. тоннасына).

Сонымен қатар мемлекеттік энергетика тізілімінде 5198 субъектіден тек 710-ы заңды тұлға, ал қалғандары квазимемлекеттік сектор, «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорындағы компаниялар екенін ескере отырып, олар энергия тиімділігін арттыру бойынша жұмыстарды жолға қоюы тиіс.  

Б.Сағынтаев өңірлердің әкімдеріне инвесторлармен және энергия сыйымдылықты кәсіпорындармен жұмысты жандандыруды тапсырды, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары мен энергия үнемдеуді насихаттау назардан тыс қалмауы керек.

Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, өңірлерде энергия үнемдеу саласында жалпы сомасы 9,7 млрд теңгеден асатын сомаға 4 МЖӘ жобасы (Павлодар, Атырау, Қызылорда облыстарында) іске асырылып жатыр. 4 МЖӘ жобасына қол қойылу үстінде, 10 МЖӘ жобасы бойынша құжаттамаларды әзірлеу және серіктестер іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басқа облыстарда энергия үнемдеу саласындағы МЖӘ жобалары жүзеге асырылып жатқан жоқ.