Әжетхана ішінде жатқан: Алматыда полицейлер сәбиді құтқарып қалды
Алматылық полицейлер жаңа туған нәрестені құтқарып қалды, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі Polisia.kz сілтеме жасап.
Оқиға кеше түнде Түрксіб ауданында болған.
«Бізге түнгі сағат екіде кәмелетке толмаған қыз түсік тастағаны туралы қоңырау келіп түсті. Ол қаладағы ауруханалардың біріне жатқызылды. Дәрігерлермен сөйлескеннен кейін мен оқиға орнына барып, тексеруді жөн көрдім. Басыма «бала қайда» деген сұрақ келді. Қыздың анасынан оқиғаға дейін қыз сырттағы дәретханада біраз уақыт болғанын білдім. Дәретхана ішінен қан іздерін тауып, ішінде жатқан баланы көрдім. Ол дем алып жатты. Осы кезде тергеу-жедел тобы келді, оның құрамында криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Ғазиз Хамасқалиев болды. Біз дәретхананың еденінен тақтайларды тез алып тастадық. Әріптесім Ғазиз төмен түсіп, баланы қызметтік көйлегіне орап, абайлап шығарып алды. Сол кезде нәресте жылады. Бәріміз мазасыз күйде едік, уайымдадық. Баланы тез арада дәрігерлерге тапсырдық», – деді Түрксіб аудандық ПБ-ның кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы Нұржан Шатунов.
17 жастағы жасөспірімнің анасының айтуынша, ол қызының жүкті болғанын білмеген. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша Түрксіб аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімінде тергеу амалдары басталған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
«Қазір баланың жағдайын біліп қайттық. Ол дәрігерлердің бақылауында жансақтау бөлімінде жатыр. Өз бетінше дем алып жатыр – бұл жаңалыққа баланы құтқаруға қатысқан барлық әріптесім қатты қуанды. Демек, бала өмір сүреді. Ол туылғаннан бері өз өмірі үшін күресті. Оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Бақытты болып өсе берсін. Мен үш ұлдың әкесімін. Сондықтан бұл оқиға мені бейжай қалдырмады. Біз өз әріптестерімізбен бірге құтқарылған нәрестенің тағдырын міндетті түрде қадағалаймыз және мүмкіндігінше оған қатысатын боламыз», – деді Шатунов.