Алматы облысында IT әлемге айқын қадам жасалып жатыр

0
17
datacenterknowledge.com

Бүгінде жалпы халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтің  698 түрі бар. Оның 649-і электронды үлгіде. Міне, бұл сандық жүйе көрсеткішінің 92.9 пайызға жеткенін анық аңғартады. Қазіргі кезде Алматы облысындағы  жергілікті атқарушы орындарда халыққа мемлекеттік қызметтің 172 түрі көрсетілсе, оның 153-і цифрлық форматта. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметті автоматтандыру бағытында өңірдегі цифрлық технологиялар басқармасы жағынан атқарылып жатқан істер ауқымды.

Алматы облысы цифрлық технологиялар басқарма басшысының міндетін атқарушы Әлия Оңғарбекованың айтуынша, аймақта цифрландыру саласын дамыту «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен «Ақылды» қалалардың эталондық стандартына сәйкес жүзеге асырылады. Осы жұмысты үйлестіру мақсатында облыс әкімінің өкімімен 2018 жылдың қараша айында облыста арнайы цифрлық технологиялар басқармасы құрылған. Бұл басқарманың негізгі міндеті – цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және өңір экономикасының даму қарқынын жеделдету. Мәселен, өткен жылдан бергі әлемді шарпыған  індетке байланысты қашықтан жұмыс істеу және қашықтан оқу режиміне көшу кезеңінде аймақ сапалы интернет желісімен қамтылған.

Мамандардың мәліметінше, бүгінде облыста әртүрлі технологиялар бойынша 732 ауылдық елді мекеннің 696-сы немесе 95 пайызы сапалы интернетті қолдануда. Сондай-ақ 220 ауыл мен 551 мемлекеттік ұйымға талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылған. Қазір кең жолақты интернет тіпті облыстың ең шалғай аудандарында да қол жетімді. Сонымен бірге  осыған дейін мобильді интернетке 635 ауыл мен елді мекендер қол жеткізсе, 2021 жылы тағы 2 ауылды мобильді интернетпен қамтамасыз ету және 21 елді мекенде байланыс сапасын жақсарту жоспарланған.

Мысалға, қазір 2015 жылы әзірленген жер ресурстарының кешенді электрондық картасының деректерін пайдалана отырып, облыста өңірлік геоақпараттық жүйе енгізілуде. Ол барлық салалық дерекқорлар мен кадастрларды біріктіруге мүмкіндік береді. Бүгінде аймақтық геоақпараттық жүйе арқылы 16 мемлекеттік қызмет электрондық форматқа ауыстырылса, оның ішінде 10-ы жер қатынастары және 6-ы сәулет және қала құрылысы саласы бойынша. Нәтижесінде, аталған салаларда қызмет көрсету мерзімі 1 жылдан 30 күнге дейін қысқарған. Әрі осыған дейін аймақтағы білім және спорт саласында 12 мемлекеттік қызмет автоматтандырылса, 2020 жылы «1 сыныпқа құжаттарды қабылдау» онлайн режимде қызмет көрсетіліп 47 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Енді биылғы жылы «тұрғын үй сертификаттарын» алу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін осы бағыттағы мемлекеттік қызметті автоматтандыру жоспарда.

Ал, қарапайым жұрт заман талабына сай цифрлық жүйе іске қосылғалы мемлекеттік қызмет алу барған сайын әділ және жеңілдей түскенін алға тартады.

— Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында жыл сайын 15 мыңнан астам адам тегін негізде білім алады. Соның нәтижесінде облыс тұрғындарының цифрлық сауаттылық деңгейі 90 пайызға жуықтаса, жалпы республика бойынша -84,1 пайызды құрауда. Атап айтсақ бүгінде Талдықорған қаласында «Қызмет-109» орталығы іске қосылды. Жоба тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы келіп түскен өтініштер мен ұсыныстарды өңдеуге арналған. Ағымдағы жылы осындай қызметтерді облыстың барлық аудандары мен қалаларында құру көзделген. Сондай-ақ, облыста жедел медициналық көмек базасында «112 бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі» құрылды. Қазір 103-қызмет операторлары ауыстырылып, ТЖ қызметінің, полиция департаментінің диспетчерлерін оқыту жұмыстары негізінен аяқталды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Талдықорған қаласында «бір терезе» қағидаты бойынша «ІQala» коммуналдық қызмет көрсету орталығын ашу жоспарда. Сервис бірнеше ұйымдардың бөлімшелеріне бармай-ақ, санаулы минуттарда бір жерде коммуналдық қызметтердің барлық түрлері бойынша кеңес алуға және өтінім беруге, үйден шықпай-ақ, портал арқылы шарттар жасасуға мүмкіндік береді. Осының барлығы ел Президентінің тапсырмасына сай жасалып жатқан жұмыстар, — дейді Әлия Мүбәрәкқызы.

 

Дереккөз: https://taldykorgan-online.kz/ — 3469