Азаматтық форум ашылды | «Айқын» газеті
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында VIII Азаматтық форум өз жұмысын бастады. Құрылтайға «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Әріптестік. Сенім» тақырыбы арқау болды.
Бұл іс-шараның мақсаты – азаматтық сектордың, мемлекеттік органдардың, бизнес-құрылымдардың, халықаралық ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының ашық диалогын дамыту.
Форум қатысушыларына қайырылған Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева азаматтық қоғамның құндылықтарына тоқталды.
«Біздің барлығымыздың құндылығымыз ортақ, бұл – тұрақтылық, бейбітшілік, мемлекетіміздің тыныштығы және азаматтарымыздың әл-ауқаты. Бұл басты құндылықтар бізді біріктіреді. Әрбіріміздің жұмыс бөлігімізде ел тәуелсіздігін нығайту, қазақстандықтардың жайлы өмірін жақсарта түсу үшін қолдан келгеннің барлығын жасауымыз керек. Біздің мақсатымыз бен мұратымыз да бір, бұл – қуатты Қазақстанды тұрғызу», – деді ол.
Аида Балаева жігерлі қоғам белсенділеріне, пәрменді үкіметтік емес ұйымдарға еліміздің өткір әлеуметтік проблемаларын шешуде мемлекетке жан-жақты қолдау көрсетіп, ізгі жұмыс істеп келе жатқандары үшін алғыс білдірді.
«Бәлкім, азаматтық сектор идеяларының барлығы бірдей іске жарамаған, жүзеге асырылмаған шығар. Бірақ бүгінгі форум бірлескен жұмысымызға қуатты серпін береді деп үміттенемін» – деген ол форум осы жұмысты жетілдіруге жол ашарына сенім білдірді.
Ашылу салтанатында қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев сөз сөйледі.
– Азаматтық форум екі жылда бір рет өткізіледі, бірақ бұл форумға 2005 жылдан бері Мемлекет басшысы қатыспаған болатын. Бұл жолы Президент қатысуға ниет білдіріп отыр: ертең біз Елбасымен сұхбаттасуға мүмкіндік аламыз. Форум бүгінде үлкен принципті мән-маңызға ие болды – біз алдағы уақытта азаматтық сектордың қалай дамитынын талқыға саламыз», – деді министр.
Ол ел Үкіметі азаматтық қоғамның дамуына үлкен мән беріп отырғанын атап өтті.
«Үкімет бұл бағытта үлкен жұмыс жүргізуде. Біз үшін азаматтық қоғамнан келіп түсетін ұсыныстар өте маңызды. Менің ойымша, форум аясындағы екі күн тек елдің азаматтық қоғамын біріктіріп қоймай, сонымен бірге қатысушыларға біздің бәріміз бірлесіп іске асыруға тиіс ұсынымдарды түзуге де мүмкіндік бермек. Бұл, сайып келгенде, барша еліміз, сондай-ақ халқымыз күтіп отырған реформаларға бастайды», – деді Д.Кәлетаев.
VIII Азаматтық форум аясында семинарлар, шеберлік сабақтары, дөңгелек үстелдер, пікірталас алаңдары, мүдделі ведомстволар басшыларымен салалық кездесулер түріндегі 35 тақырыптық сессиялар жоспарланған. Форумда «Адамдар» (People)», «Планета» (Planet), «Өркендеу» (Prosperity), «Әлем» (Peace), «Серіктестік» (Partnership) атауымен 5 панельдік сессия өтеді, аталған сессиялар БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарының құрамына кіретін тиісті мақсатты топтарды қамтиды.
Сонымен қатар форум аясында 2020-2025 жылдарға арналған азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы талқыланатыны мәлім болды.
Жиын бүгін де жалғасын тауып, күн тәртібіне сәйкес, негізгі пленарлық отырысқа ұласпақ.
Форум үкіметтік емес ұйымдарды марапаттау рәсімімен аяқталады.
Ерік Ерденов