Азаматтық белсенді Арман Шораевқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Журналист және қоғам қайраткері Арман Шораев бір апта бұрын жалған ақпарат таратты деген күдікпен ұсталған болатын
НҰР-СҰЛТАН, 25 сәуір – Sputnik. Қазақстанның ішкі істер министрлігі Ұлттық сенім кеңесінің бұрынғы мүшесі Арман Шораевқа қатысты қылмыстық істі тоқтатты. Бұл туралы Facebook-те адвокат Джохар Өтебеков жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Қазір ғана ішкі істер министрлігінің тергеушісі Арман Шораевқа қатысты жалған ақпарат тарату туралы істі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатты», — деп хабарлады адвокат әлеуметтік желіде.
Оқи отырыңыз: Арман Шораевтың қарындасы бейнеүндеу жасады
Джохар Өтебеков журналист әрі белсенді Шораевты қорғауға атсалысқан барша қазақстандыққа алғыс айтты.
«Сіздер адам құқығын қорғауда кемеңгерлік танытып, бірліктің үлгісін көрсете білдіңіздер. Біз Қылмыстық кодекстің 274-бабы (қасақана жалған ақпарат тарату) бойынша барлық журналист пен қоғам қайраткеріне қатысты қылмыстық істер тоқтатылады деп үміттенеміз», — деп толықтырды адвокат.
Арман Шораевтың ұсталуы
18 сәуірде полиция қызметкерлері Қазақстан президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бұрынғы мүшесі Арман Шораевты ұстағаны белгілі болды. Алматы полиция департаменті ол желіде бірнеше рет жалған ақпарат таратқанын мәлімдеді. Азаматтық белсенді Қарағандыдағы уақытша ұстау изоляторына қамалғаны хабарланды.
Арман Шораев кім
Арман Шораев әр жылдары жеке және мемлекеттік, өңірлік және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Ақмола облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы, «Хабар» агенттігі» АҚ Орталық бюросының директоры және бас директордың орынбасары, «Коммерциялық телевизиялық арна» АҚ бас директоры болды. «Қазақстан барысы» даму қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. 2020 жылдың наурызына дейін Қазақстан Республикасы президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі болды.
sputniknews.kz