«Азаматтық Альянс» форумы қарсаңында. ҮЕҰ туралы бірер сөз
Астана, BAQ.KZ. 2018 жылғы 27-28 қарашада Астанада мемлекет басшысының қатысуымен «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Серіктестік. Сенім» тақырыбында VIII Азаматтық форум өтеді. Үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) қажеті қанша? Мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарлармен бірге жекелеген бастамаларды неліктен қолдауымыз керек? Осылар туралы — «Жайна Астана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қоғамдық кеңестің мүшесі, және аталмыш форумға Астана қаласынан делегат болатын Мұхтар Еркетаевтен сұрадым.
BAQ.KZ: — ҮЕҰ неге керек? Неліктен олар нұсқап жүрген проблемаларды үкіметтің өзі — комитет, әлде комиссия сияқты уақытша ұйым құру арқылы шеше бермейді?
Мұхтар Дүйсенұлы: — Оның себебі мынада. Үкімет кей мәселені тек бекітілген заң шеңберінде ғана шеше алады.
Мысалы, бір ғимараттың тұрғындарын алайық. Олардың міндеттері мен құқтары сәйкесінше заңдарда бекітілген. Ал олардың өзара қарым-қатынасын қайтеміз? Олардың ол-бұл коммуналдық мәселені өзара келісіммен шеше алатынына кім нұсқайды? Нұсқай отырып, кім ұйымдастырады? Мұны да атқарушы билікке артып қойсақ, ол бір шешімін тауып, оны заңдастырамыз дегенше, мәселе қордалана бермес пе еді? Жекелеген азаматтардың өз бастамалары үкіметке тікелей әсер еткенше уақыт кетеді. ҮЕҰ болса, үкімет өз тікелей міндеттерінен ауытқымай, тап сол уақытта азаматтық қоғамның ағымдағы мәселелерін шешуге мұрындық болады.
BAQ.KZ: — Жеке бастамалар сонша маңызды болғаны ма? Сайып келгенде, осы қоғам өз проблемаларын шешуге плебисцит негізінде билікті тағайындап қойған жоқ па?
Мұхтар Дүйсенұлы: — Жақсы. Мысалы, кезінде «халық милициясы» («дружинник») деген болды. Ресми тағайындалған құқық қорғаушылар бәрібір тек заң шеңберінде әрекет ететін болғасын, қоғамдағы рухани саулыққа, азаматтық келбетке байланысты мәселелерді шеше алмас еді. Ал «халық милициясы» енді билік емес. Ол сенің туысқаның, досың, көршің, ақыр аяғы — құқықтары өзің шамалас азамат болып тұрып тәртіпке шақырады. Азаматтық қоғамда заң қамти алмаған, тіпті қамтығысы келсе де қамти алмайтын мәселелер көп. Азаматқа азаматтың ісі мен сөзі өтімдірек екені бұрыннан белгілі жайт.
BAQ.KZ: — Азаматтық қоғам тек рухани мәселеге құзырлы деген тезис шығып тұрғандай ма…
Мұхтар Дүйсенұлы: — Енді ше? Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді — санмен дәйектеліп, диаграммамен сызылатын нақты пошымы болғасын атқарушы билікке тапсырып қойған жоқпыз ба!
Бір мысал. Мемлекет басшысының былтырғы «Рухани жаңғыру» туралы үндеуін алайық. Ал, мұндағы рухани категориядағы тұжырымдарды қалай нақтылауға болады? Мемлекет басшысының бұл бастамасының рухани бөлімін азаматтар ғана өз тарапынан ынта танытып қолдай алады. Ал үндеудің материалдық тарабын атқарушы билік мектеп пен емхана салу арқылы шешіп жатыр емес пе.
BAQ.KZ: — Сонымен қоғамның, өлшеп-пішуге келмегенмен, айналысуға тура келетін рухани және азаматтық сипаттағы мәселелері бар деген қорытындыға келдік…
Мұхтар Дүйсенұлы: — Солай. Бір кезде мемлекет басшысы «алдымен экономика, саясат сосын» деген болатын. Біз ақырын жүріп, анық басып, Президенттің экономиканы нығайтып алу мақсатына жеттік. Енді міне, «сосын саясат» бөлігіне жетіп отырмыз. Бұл бөліктің кезеңі келгенін Президенттің әрекетінен де шамалаймыз. Мысалы, «Дін істері және азаматтық қоғам Министрлігінің» құрылуын алайық. Мұның — елімізді рухани сауықтыруға бағытталған нақты қадам екені түсінікті. Немесе тап кешегі «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы. Ондағы тұжырымдарды енді азаматтардың тікелей араласуынсыз шешу неғайбыл.
Мен мысалы, ұлттық болмыс, жастардың Отанға қарым-қатынасы сияқты мәселелерді күйттеген азаматпын. Бірақ қариялар мен қариялық институтын сағынып, құр қол отыра алмаймын. Әрекет етемін. Бір күні жастар «біз осы кімбіз?», «қайда барайық?» дегенде — алдында бабалардың «арым жанымнан садақа!» деген моделі дап-дайын тұрғаны жақсы емес пе?
Биылғы форумға Президент қатысады деп жоспарланған екен. Азаматтық қоғамның мемлекет басшысына айтары барына кепілдік беремін.
— Рахмет.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ