АЗАМАТТЫҒЫНА ЖОМАРТТЫҒЫ ЖАРАСҚАН | «Айқын» газеті

0

Атам қазақ «Ақсұңқар жемін шашып жейді, құзғын жемін басып жейді» деген сөзді қалай тауып айтқан?! Ақсұңқар сынды азаматтардың арқасында қайырым мен мейірімнің барына сенесің. Ата кәсібінен адал нәсібін тауып жүрген олар табысын бауырына баспай, басқалармен бөлісіп, жомарттық танытатыны қандай ғанибет. Біздің кейіпкеріміз – танымал кәсіпкер, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» орденінің иегері Сайрамбай Дөненбаев – азаматтығына жомарттығы жарасқан еңбекқор жан.

Сайрамбай Әліқұлұлы бес жасында-ақ әкесінің отардағы қойын санап өсті. Есепке жүйрік бала епті жігітке айналды. Мемле­кет­тің қойын бағып, жүз қойдан 150-ден қозы алып, алға шықты. Дөңгеленген дүние жаңа дәуірге қадам басқызған кезде өз шаруасын ашады, бала күннен бойына сіңген еңбектің арқасында ісі алға басып, тасы өрге домалай берді. Бүгінде Жамбыл облысы Тұрар Рыс­құ­лов ауданындағы Сұмқайты елді-меке­нінде орналасқан «Шәушен» шаруа қожалы­ғын өңір жұрты мақтанышпен ауызға алады. Оның өз себебі бар: 1996 жылы құрыл­ған қожалық асылтұқымды мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамытуды мақсат етіп алған. Ал соңғы жылдары шаруа қожа­лықтың есебінен Сұмқайты ауылында мек­теп, балабақша секілді әлеуметтік нысандар мен жұмысшыларға баспана салынды. Жақсының жақсылығын айту – парыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауылда 40 орынды интер­нат, 1932-1933 жыл­дардағы ашаршылық құрбандары мен
1941-1945 жылдардағы ҰОС жауынгерлеріне арналған саябақ пен мемориалды тақта орнатып, көптің алғысына ие болды. Жар­лысу ауылынан құны 250 млн теңге болатын 92 орынды балабақша құрылысын аяқтап, халық игілігіне ұсынды.
«Елбасы биылғы Жолдауында келер жылды Жастар жылы деп бекітті. Енді ауылда үлкен спорттық кешен салу жоспа­рымызда бар. Ауыл жастарын қолдап, олардың ертеңгі күні ел игілігі үшін еңбек етуіне жол сілтегеніміз абзал. Мысалы, біз бүгінде ірілендірілген шаруа қожалығына айналсақ, өз басым аудандағы тағы да 16 шаруашылық қожалыққа қамқорлығымды көрсетіп, ақыл-кеңесімді айтып жүрмін. Ал онда еңбек ететін азаматтардың дені – жастар», – дейді Сайрамбай Дөненбаев.
Жарлысу ауылында шаруашылықтың жас отбасылы қызметкерлеріне 37 тұрғын үй тұрғызып, малшы балаларына арналған елу орынды интернатты пайдалануға беріп, ауыл адамдарының игілігі үшін 300 орынды асхана, медресе мен зәулім мешіт салып берді. Тау бөктерінде «Тау қымыз» емдеу-сауықтыру орнын пайдалануға берген ол Тараз қаласында ұйымдастырылған Қазақ хандығының 550 жылдығы мәдени іс-шараларына да демеушілік көрсеткенін айту ләзім. Жағдайы төмен отбасыларға, мектеп оқушыларына қолдау көрсетіп, облыс, аудан деңгейіндегі қайырымдылық шараларына белсенді қатысып жүргеніне ел куә.
Бүгінде Сайрамбай Әліқұлұлы басқа­ратын «Шәушен» шаруа қожалығына қа­расты жер көлемі 26 632 гектарды құрайды, оның 10 156 гектары егістік алқабына арналған. Шаруашылық биыл
4 195 гектардан күздік, 3 750 гектардан жаздық арпа жинады. Сай­рам­бай Дөненбаев жаздық арпа мен күздік бидайдың бітік шы­ғуын, егін бойының 1,5 метрге дейін жетуін ауа райының қолайлы болып, көктемгі дала жұмыстарының сапалы жүргізілуімен бай­ланыстырады. Шаруа­шылық биыл Бельгия және Польшадан
420 миллион теңгеге 6 бірдей New Holland СХS.90 маркалы су жаңа комбайн сатып алды. Шаруашылықта бұдан басқа 22 трак­тор, 12 жүк көлігі, 3 комбайн бар. «Шәушен» шаруа қожалығында 150 жұмысшы тұрақты еңбек етеді. Еңбекақылары орташа есеппен 130 мың теңгені құрайды. Маусым­дық жұмыстар кезінде
280 адамға дейін еңбек етеді. Шаруашылықтағы ұсақ мал –
52 мың­ға, ал жылқы 2 620-ға жеткен. Ірі қара­лары тағы бар. Қожалық бүгінде Мерке ет комбинатымен келісімшартқа отырып, араб елдеріне 8000 бас тоқты етін өткізіп отыр. Мал бордақылау орны мен қасапхана да заманауи талаптарға сай жарақталған. Астана жұртшылығын да жылқы етімен қамтамасыз ету үшін арнайы сауда нүктесін ашты. Таразда қала күні ашылған «Ғибрат» орта­лығы да – Сайрамбай Дөненбаев жүргізген құрылыс. Орталыққа қымыз жеткізуді қожалық мойнына алған.
Сайрамбай Әліқұлұлы жаңа іс бастарда Мемлекет басшысымен кездесуі кезінде айтылған әңгімені еске алатынын айтады.
Астанадағы жиында Мемлекет басшы­сының: «Осы ұстап отырған бағытың, істеп жатқан тірлігің дұрыс, қолдаймыз, қуат­таймыз. Бірақ жассың ғой, байлық әлі бітеді, сондықтан тапқан ақшаңды жамбасыңа баса бермей, елге қарас. Елдің батасын алсаң, жаман болмайсың, өсесің, өнесің», – деген сөзі көкейімнен кет­пейді. Расында, Елба­сының айтқанын екі етпей, елге көмектесудің арқасында халық сеніміне ие болдық. Көптің алғысын, батасын алдық, шаруамыз да дамып, алға басты», – дейді кейіпкеріміз.
Бөле-жара айтарымыз, «Шәушен» қо­жалығы осы күнге дейін мем­лекеттен суб­сидия түгілі несие алып көрмеген. Өз күші мен қа­ра­жатын жұмсап, адал еңбектің арқасында осы күнге жетіп отыр.
– Алдымен Аллаға, сосын Елбасымызға мың алғыс. Нұрсұлтан аға бізге үлкен аманат тапсырды, біз оған адалдық таныту үшін барымызды салдық. Осыдан кейін жыл сайын ел игілігіне әлеуметтік бір нысан салып беру мақсатымызға айналды. Одан кейін де Елбасымен үлкен жиындарда үш рет кездесіп, тілдесудің сәті түсті. Әр кездесуден зор күш-қуат, тың идея аламын. Жүзінен иманы төгілген Нұрсұлтан ағамен жүздесуім мені қанаттандырады. Оның үстіне Елба­сының әр жылғы ұсынып отырған бағдары мен Жолдаулары мені тың бастамаларға жетелейді, – дейді ол.
Қожалық орналасқан жер «Сұмқайты» деп аталады. Бұл жоңғарлармен болған жа­угершілік заманда дұшпанның бетін қайтар­ған жер болу керек. Аңыз солай дейді. Яғни, «сұм қайтты» деген сөз. Осындағы етектегі шалшықты батпақтың емдік киесі бар дейді халық. Таудан арып-азып түскен мал бат­паққа аунап қуат алған екен. Енді Сайрамбай Дөненбай осы батпақтың емдік қасиетін ел игілігіне ұсынуды ойлап жүр. Таудағы «Тау қымыз» емдеу-сауықтыру кешенінде бат­пақпен емдеу қосын жүзеге асырмақ.
Соңғы бес жылдың өзінде бес миллиард теңгеге жуық қаржыға қайырымдылық ша­ра­ларын өткізіп, салығының өзімен аудан бюд­жетін толтырып отырған «Шәушен» қо­жа­лығының иесі Сайрамбай Әліқұлұлын ақ­­сұңқар құсқа теңеуіміздің сыры осында еді…

Ерман ӘБДИЕВ, Жамбыл облысы

Дереккөз: Айқын