Home Жаңалықтар Мен әлемдік сахнада ән айтуға толықтай дайынмын

Мен әлемдік сахнада ән айтуға толықтай дайынмын

0
199

«Славян базары» байқауының жүлдегері, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, жас әнші Әміренің танымалдылығы күннен күнге артуда. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі жас әншімен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынады. 

— Ернар Садырбаевқа «Әміре» атауы сәттілік әкелді ме?

 Азан шақырып қойған есімім – Ернар. Атымды анам қойған. Ия, осы лақап атты қойғалы біраз өзгерістер орын алды.  Бірақ жетістікке жетіп жатсам, ол көп жылғы еңбектің жемісі. Маған сәттілік ата-анам мен ұстаздарымның, қолдаушыларым мен продюсерімнің арқасында келді.

— «Әміре» лақап атын ұсынған кім?

 Мені 2016 жылдың қараша айында «DAR RECORDS» музыкалық компаниясы бірлесіп жұмыс жасауға шақырды. Сондағы басшылар маған сахнаға «Әміре» болып шығуға ұсыныс білдірді. Алғашында келісуге қиналдым, өйткені бұл есімді жатырқадым. Кейін маған басшылар бұл есімнің маңыздылығын түсіндірді. Әміре Қашаубаевтың өмірбаяны мен шығармашылығын толық зерттей келе бұл есімде бір жауапкершілік барын түсіндім. Уақыт өте келе үйреніп, осы жауапкершілікті алып жүретініме деген сенімім күшейді. Қазір мені көбі Әміре деп атайды.

— Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері атандыңыз. Қандай күйдесіз?

Ия, небәрі 23 жасымда «Дарын» сыйлығына ие болу да мен үшін бір бақыт. Бұл марапат маған алға қарай ұмтылуға күш берді. Кеудеме төсбелгі ғана емес, үлкен жауапкершілік ілінді. «Дарын» төсбелгісіне тек менің ғана емес, ата-анам мен ұстаздарымның, продюсерім мен жақындарымның да сіңірген еңбегі зор. Соның ішінде ұстаздарым Лаки Кесоглуға, Александр Калугинге, продюсерім Жан Мұқановқа ерекше алғыс білдіремін. Төсбелгі таққан қандай бақыт деп баяғыдан армандаушы едім. Міне, 23 жасымда алғашқы төсбелгімді тақтым.

— Сіз орындайтын әніңіздің мәтініне мән бересіз бе, әлде әуеніне ме?

  Шыққан туындының жаманы жоқ. Бірақ мен өзімнің әнімді әлі іздеудемін. Бұрын көбіне әуенге мән беретінмін. Қазір сөзіне де қараймын. Әннің әуені де, сөзі де, тіпті өңдеуі де жақсы болуы керек.  Баяғыдай емес, қазір әннің мәтінін әркімге жаздыра бермеймін. Маған қазақша ретро әндерді айтқан ұнайды. Соларды өңдеп, жаңаша стильмен жарыққа шығарғым келеді.

— Биыл өткен «Славян базары» байқауы сіздің шығармашылығыңызға қандай өзгеріс әкелді?

«Славян базары» менің өмірімді жақсы жағынан өзгертті. Бәрі басқаша бола бастады. Жұрттың маған деген көзқарасы өзгерді. «Славян базарына» дейін де мен сол Әміре едім, байқаудан кейін де сол Әміремін. Бірақ бәрі маған өзгеше қарай бастады. Оған дейін осындай деңгейде еленбеуші едім.

Әміре Димаш

— Тыңдарман Димаш бағындырған белестен сізді де көргісі келеді. Ол үшін бақ керек пе, бап керек пе?

— Димаш – қазақ еліне бұйырған бақ. Еліміздің атын әлемге танытып жүр. Сол үшін алғысым шексіз. «Славян базарына» дайындалып жүргенімде ақылын айтып, жол көрсетті. Ол менің әрі досым, әрі бауырым. Қытайда жүрсе де «Жұлдызды жекпе-жек» байқауында жеңіліп қалғанымда өзі хабарласып, қолдауын аямады. Кеше ғана өткен «Топжарған» байқауынан кейін екеуміз Астанада жолықтық. Бұл байқаудан екінші орын алдым. Сол үшін Димаш маған «Ондай байқауларға қатыспа, сен әлемдік сахналарда ән айтуға лайықсың» деп кеңесін айтып жатыр. Тыңдарманның Димашпен салыстырып жатқаны мені қуантады. Бірақ Димаш жалғыз. Ол – феномен. Димаш салған дара жолмен мен де ақырындап келе жатырмын. Бауырымның жетістігі маған да бұйырсын. Мен әлемдік сахнада ән айтуға толықтай дайынмын.

 Әміре, өнеріңіз өрлей берсін! Әлемдік сахнада қазақ әнін шарықтатыңыз!

 Әңгімелескен Ақерке Әбілхан

«Қамшы» сілтейді